Қолөнер шебері: Киізден жасалған бұйымдар денсаулыққа пайдалы

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының тұрғыны Айдана Әлайдарова  жүннен жасалған панно, бас киімдер, кеудеше, аксессуарлар, текеметтер, сырмақтар, интерьерде қоюға арналған құмыралар, қоржындар, кәде-сый секілді бұйымдарды жасап, қазақтың қолөнерін дамытып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр өңірінде ұлттық мұраны дамытуда қолөнерші үлкен еңбек сіңіріп жүр. Өзінің ісін жетік білетін жанның қолынан шыққан көздің жауын алатын бұйымдар тұтынушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие. Бала жасынан ұлттық өнердің қыр-сырына қанық болып өскен Айдана Әлайдарова қазіргі күні ел жадынан өше бастаған ізгі істі жалғастырып жүргеніне қуанышты. 

«Мен бұл тіршілікті бала кезімнен көріп өстім. Анамның жүнді тазалап, текемет басқанын талай мәрте зердемізге тоқыдық. Ол уақытта бізге барлығы таңсық көрінді. Үйренуге ұмтылдық. Одан ешбір ұтылған жоқпыз. Қазір соның жемісін жеп жүрміз. Бұл өнерді ата-анамнан үйрендім. Ол кісілердің жасағанына өте қызығатын едім. Маған ерінбей үйретті. Қазір ұлттық қазынаны көзіміздің қарашығындай сақтап, оны жас ұрпаққа үйретуге көңіл бөліп келемін. Оны ел алдында дәріптеуге назар аударып жүрмін», - деді А.Әлайдарова.
null 

Талғамы зор көпшілік жүннен жасалған панноға ерекше қызығушылық білдіріп жатады. Сондықтан оған деген сұраныс та зор. Айдана Әлайдарова өз қолынан табиғи киізден ұлттық ойыншықтар жасау ісіне де мән беріп жүр. Қазір жұртшылық балаларына осындай өнімдерді алып беруге ниет танытады. Өйткені, бұл ойыншықтардың ерекшелегі - экологиялық тұрғыдан таза болып келеді әрі табиғи екені белгілі. Қолөнерші ойыншықтарды жасағанда ешқандай тігістің пайдаланбайтынын айтады. Бұл дүниелер тұтынушыға да өте қолайлы. Бір жағынан жылылығымен ерекшеленсе, экологиялық тиімділігі мен салмағаның жеңіл болуымен елдің көзіне түседі.

Киіздің ерекшелігі - температураны қалыпты ұстайды, жуған сайын жаңарады. Құрғақ жылу - суық тигенде бірден-бір ем. Жүннен жасалған бұйымдар, әсіресе, ревматизм, остеохондроз және радикулитпен ауыратын науқастарға ұсынылатын болған.

А.Әлайдарова - 2014 жылдан бері Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі.  Қазір «СырЭтноДизайн» қолөнер орталығының директоры қызметін атқарады. Сыр өңіріндегі іргелі білім ордасы - Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқытушы ретінде жастарға дәріс берсе, педагогика ғылымдарының магистрі атағын алған. Қолөнерші ұлттық өнерді үйренуге ұмтылған жастармен жеке жұмыс жасап, олардың шығармашылық еңбектерін арттырып отырады.
null  null 

Бұл жөнінде А.Әлайдарова «Шәкірттердің жас ерекшелігіне қарамаймын. Халықтың қолданбалы өнеріне қызығушылық танытатын және қолөнермен шұғылданғысы келетін жас шеберлерге  қазіргі заманауи технологияны пайдаланып дәстүрлі табиғи материалдардан өнімдер жасау әдістерін үйретіп жүрмін», - деді.

Былтыр қызылордалық қолөнерші  ЭКСПО-2017  халықаралық көрмесінде өз өнімдерін ел назарына ұсынды. Ол жасаған бұйымдарға өзге елдерден келген меймандар тарапынан ерекше қызығушылық болған екен. Көптеген бұйымдарды шетелдіктер сатып алған.

Қолөнер шебері өз отандастарымыздың да ұлттық бұйымдарды сатып алуға ықыласы артып келе жатқанын айтады. Әсіресе, үй жабдықтары, ұлттық нақыштағы киім-кешек пен аксессуарлар тұтынушылар талғамынан шығып жүр. Оған қоса қыздың жасауына арналған көрпеше, сандық, кебеже, қоржын сынды бұйымдар да халықтың қызығушылығын туғызады.
null 

 

Соңғы жаңалықтар