Қолөнер шебері: 5 жылда 600 тымақ тіктім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қолөнер шебері Алемнасирах Шекен мал терісін илеп аяқ киім, ал түлкінің терісінен тымақ тігеді. Сондай-ақ, ертоқым, өмілдірік, үзеңгі, жүген, ноқта, қамшы сияқты ат әбзелдерін де жасайды. Ол «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында қолөнермен айналысуына не түрткі болғаны, оның қолынан шыққан қандай бұйым көбірек сұранысқа ие екенін айтып берді.

Алемнасирах Шекен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Сагсай ауылында туып-өскен. 2005 жылы отбасымен елордаға көшіп келген ол қаланың қауырт тірлігіне бейімделе алмай, Ерейментау ауданындағы Торғай ауылына көшіп барады.

«Туған жерім – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Сагсай ауылы. Ол су жағасында, таулы жерде орналасқан ауыл. «Сагсай» сөзі қазақша «Ақсу» деген мағына береді. Негізі мен туған ауылды қазақтар мекендеген, бірақ шекара бөліске түскен кезде Моңғолияның жері болып кеткен. Әкем өмір бойы ұстаз болған адам. Ол зейнетке шыққан соң «Мал бағып, жылқы ұста. Бізді күт» деді. Әкемнің өтінішін жерге қалдырмадым. Сол ауылда үйленіп, бала-шағалы болдым», - дейді Алемнасирах Шекен.

Ол отбасымен бірге 2005 жылы Қазақстанға көшіп келген.


«Елордада тұру қиын болды. Қаланың қарбалас тірлігі адамды қажытып жібереді екен. Ауылды, мал бағуды, жылқыға мінуді аңсап, Ерейментау ауданындағы Торғай ауылына көшіп келдік. Ауылдың табиғаты ұнады. Осы жерде 7-8 жыл бойы шаруа қожалығының малын бақтым. Ауа райы қолайсыз болып, денсаулығым нашарлай бастады. Өкпеме суық тиіп, қатты ауырып қалдым. Одан кейін мал бағуды қойып кеттім», - дейді ол.

Мал баға алмай қалған Алемнасирах аға қолөнермен айналысуға бел байлайды.

«Үйде бос жатпайын деп кәсіп бастауға, қолөнермен айналысуға бел байладым. Мал баққан кезде аяқтан, бастан суық өтеді. Сондықтан түлкінің терісінен тымақ тіге бастадым. Аңшылар түлкінің терісін әкеліп, тымақ тіккізе бастады. Одан кейін ертоқым, жүген, қамшы өре бастадым. Қайысты да өзім теріні илеп жасайтын болдым. Былғарыдан үйде киетін аяқ киім тігуді де қолға алдым. Қолөнермен айналысқаныма бес жыл болып қалды», - дейді Алемнасирах.

Ол қолөнер бұйымдарын жасау технологиясына да тоқталып өтті.

«Шикі теріні илеп, айранға немесе ұннан и жасап, соған салып қоямын. Одан кейін жүнін қырып алып тастап, қайтадан иге саламын. Бірнеше күннен кейін қажетінше кесіп, іске жаратамын. Қойдың терісінен киім-кешек, ұлтарақ тігуге болады. Ол суық өткізбейді және жылуды сыртқа шығармайды. Жылқының терісінен былғары жасауға болады. Ол да суықты да, жылыны да ішке өткізбейді, сәйкесінше былғарыдан жасалған аяқ киім киген адамның аяғы суланып кетпейді. Сиырдың терісі қалың болады, одан арқан, ертоқым жасауға болады. Мысалы, бұл тымақты былғарыдан, түлкінің терісінен тіктім. 1 тымақты пішіп, тігу үшін бір күнім кетеді. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша ою-өрнекпен көмкеремін. Ең көп тапсырыс осы тымақтарға болады. Осы уақытқа дейін 500-600 тымақ тіктім. Ерейментау ауданындағы адамдардың көбі менің тымақ тігетінімді біледі. Үйде киетін аяқ киімдердің табаны былғарыдан, ішкі жағы қолдан басылған қалың киізден жасалған. Бұл – өгіздің терісінен жасалған өрмелі арқан. Ұзындығы 15 метрге дейін жетеді. Ол жылқы ұстауға арналған, ертоқымның астына салып жүруге болады. Қолды қиып кетпейді, бүктеліп те қалмайды. Асау жылқыны шалып ұстауға арналған. Өмілдіріктің іші қайыстан жасалса, сырты былғарыдан тігілген. Әшекейлерін де өз қолыммен балқытып жасағанмын. Қамшылардың өрмелері әртүрлі болады: алты таспалық, сегіз таспалық, он екі таспалық. Өрмелерін тез өруге болғанмен, жалпы қамшының өзін жасап шығуға бір күн уақытың кетеді. Бұл қамшылар мал бағу барысында қолдануға арналған. Қолөнермен айналысу төзімді, шыдамды қажет етеді», - дейді ол.

Оның айтуынша, қолөнер бұйымдарын жасау қабілеті оған нағашы жұртынан дарыған.


«Өз жұртымда мұғалімдер көп болса, нағашы жұртым қолөнерші болған. Нағашыларымның туған жері - Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы. Саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстаннан Моңғолияға кеткен. Олар Моңғолияға шаңғымен барған екен. Шаңғының астына жылқының терісін шегелепті. Ол өрге көтерілген кезде кері қарай сырғанап кетуден сақтап қалған. Олар Моңғолияға көшіп келгеннен кейін көн илеп, тері илеп, аяқ киім тігіп өздері тұратын ауылдың тұрғындарын асыраған. Қолдан қару-жарақ жасаған деген деректер де бар. Маған бұл қасиет сол нағашы жұртымнан дарыған болуы керек. Әкемнің ағасы да қолөнер шебері болған. 1970-1980 жылдары оның қалай жұмыс істейтінін көзіммен көрдім. Ағаштан етіктің қалыптарын жасап, балаларына аяқ киім тігіп беретін», - дейді қолөнер шебері.

Қазіргі уақытта қолынан шыққан бұйымдарды аудан тұрғындарымен қатар ауылға баратын туристер де сатып алады.

«Осы соңғы бір ай ішінде ауыл әкімінің, Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының кеңесшісі Алмас Сетербаевтың ұйытқы болуымен ауылға туристер келе бастады. Сенбі, жексенбі сайын келіп, қолыммен жасаған бұйымдарды сатып алып жатыр. Бұл мені шабыттандырып, қолөнер бұйымдарын жасауға деген ынтамды арттыра түседі. Туристер үйде киетін аяқ киімнің, қамшының, ертоқымның қалай жасалатынын сұрайды. Әсіресе қамшы мен үйде киетін аяқ киімді жақсы сатып алады. Қамшыны төрге іліп қою үшін де, сыйлық ретінде беру үшін де алады», - дейді ол.

Қолөнер шебері болашақта қандай жоспары бар екенін айтып, арманымен бөлісті.


«Болашақта осы қолөнерді кәсіп етіп, ары қарай дамыта түскім келеді. Қаражат болып жатқан жағдайда қасыма көмекші алып, кәсібімнің аясын кеңейтсем деймін. Бұйым жасауға қолданатын материалдар сапалы болса жұмысты көңілді отырып істеймін. Тұтынушы риза болса – одан артық не керек? Былғарыны Монғолиядан алдыратынмын, шекара жабылғалы қиын болды. Өкпеме суық тиіп, қатты ауырған кезде қолөнермен айналыса алмай, аурухана жағалап кеткен кездерім де болды. Сол кезде ұлым ағашты ойып, домбыра жасады. Ол мені осылай шабыттандырды. Екі қызым, бір ұлым бар. Екі қызым тұрмыста, ал ұлым 11-сыныпта оқиды. ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Тарихшы болғысы келетінін айтады, бірақ ол да қолөнермен айналысады деп ойлаймын. «Жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтылмаған», - дейді Алемнасирах Шекен.


Соңғы жаңалықтар