Коллекторлардың жұмысын реттеу үшін заңнамаға өзгеріс енгізіледі

Автор:  
Марлан Жиембай

Коллекторлардың жұмысын реттеу үшін заңнамаға өзгеріс енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Коллекторлық қызметті реттеуді қатаңдатуға бағытталған заңнамалық түзетулер блогы әзірленді. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы агенттік 25 коллекторлық агенттікке жоспардан тыс тексеру жүргізді. Олардың үлесіне кредит бойынша берілген берешектің жалпы көлемінің 75 пайыздан астамы тиесілі. Тексеру қорытындысы бойынша агенттік коллекторлық агенттіктерге қатысты 20 жазбаша нұсқама, 2 жазбаша ескерту қолданды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, нәтижесінде жалпы сомасы 42,2 млн теңгеге 91 әкімшілік жаза белгіленді. Коллекторлық агенттіктердің 15 қызметкері жұмыстан шығарылды.

«2022 жылдың тоғыз айында 31 коллекторлық агенттік агенттіктің бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру нәтижелері бойынша тізілімнен шығарылды. Агенттік жүргізілген тексерулердің, анықталған бұзушылықтар мен азаматтардың шағымдарының қорытындылары бойынша коллекторлық қызметті реттеуді қатаңдатуға бағытталған заңнамалық түзетулер блогын әзірледі», - деді Нұрлан Әбдірахманов.


Ашық көздерден алынған фото




Серіктестер жаңалықтары