Колледждегі жарылыс куәгері болған оқиға туралы шын ақпаратты айтып берді - Алматы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы жарылыстан аман қалған студенттермен кездесудің сәті түсті. 15 жасар Айлина Джакупбаева сол бір үрейлі сәт туралы айтып берді.

«Мұғалім қол гранатасын қолымызға беріп, өзі бірдеңе жазып отырды. Бірақ, ол бұл оқу гранатасы деп айтты. Сондықтан, біз бәріміз аударып-төңкеріп қарадық. Бір кезде бір бала келді де сақинасын жұлып алды. Бірінші тарс еткен дыбыс шықты. 3-4 секундтан кейін қатты жарылыс болды. Шамамыз келгеніміз қаша жөнелдік. Кейін есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам, дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр», - деді ол.

Оның айтуынша, жарылыс кезінде класта 17 оқушы болған. «Кішкене кеудем ауырып тұр. Былай денсаулығым жаман емес», - деді Айлина.

«БАҚ-тағы жаңалықтардан көрсеткендей, мұғалім ешқайда қашпаған. Мастер екеуі де сонда болды. Сондықтан, ешкімді кінәламаймыз», - деді оның анасы Светлана Джакупбаева.

Естеріңізге сала кетейік, қарашаның 17-інде Алматыдағы колледжде қол гранатасының жарылуы орын алған еді. Оқыс оқиға салдарынан 1 қыз қаза болып, 12 бала ауруханаға түсті. Қазір олардың 2-нің жағдайы әлі де ауыр.

Соңғы жаңалықтар