Колледж оқытушыларына үстемақы төленеді - Ерлан Сағадиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Колледж оқытушылары мектеп мұғалімдері сияқты аттестациядан өтетін болады. Соның нәтижесі бойынша үстемақы төленеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, 2020 жылға қарай ұлттық біліктілік тесті әзірленеді. Бүгінде ондай жүйе орта білім саласында мектеп мұғалімдері тапсырып отырады. Соның нәтижесі бойынша үстемақы алады.

«2019 жылы біз тест тапсырламалары мен үстемақы төлеу жүйесін әзірлейміз. Сөйтіп, кәсіптік-теxникалық білім саласының оқытушылары да біліктілік санатына қарай жалақы алады», - деді Е.Сағадиев Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісінде.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап колледждердің рейтингісі жасалады. Соған қарай әрбір колледждің оқу бағдарламасы да, мемлекеттік тапсырыстың көлемі де өзгеретін болады. Аталған рейтинг колледж түлектерінің жұмысқа тұру көрсеткішіне негізделеді. Егер белгілі бір колледждің көрсеткіші төмен болса, онда ол бағытта маман даярлау тоқтатылады.

«Қазірдің өзінде кәсіби-теxникалық білім саласында бір-бір қайталайтын және ешбір сұранысы жоқ 109 мамандық қысқартылды. Соның нәтижесінде 66 колледждің салалық бағыты өзгерді. Ал 20 оқу орны бір-біріне қосылды. Осы саладағы жұмыс жалғаса береді. Біз жас мамандардың жұмысқа тұру көрсеткішіне баса назар аударамыз. Мамандыққа дұрыс үйретпесе, түлектер жұмысқа тұра алмаса, ол мамандықтың лицензиясын кері қайтарамыз», - деп атап көрсетті Е.Сағадиев. 

Соңғы жаңалықтар