Көліктің терезесін бұзып, ішіне енді: Елордалық полицей мас жүргізушіні ұстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада мас жүргізуші бағдаршам бағанын қағып, полиция көлігінен қашып кетпек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 11 қаңтарында сағат 22.35-те рейд кезінде Бейсекова мен Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында полиция қызметкері жол ережесін өрескел бұзып, бағдаршам бағанын соққан «Honda» маркалы көлігін байқап қалған. Осыдан кейін полицей көліктің ізіне түскен. Жүргізуші дауыс зорайтқыш арқылы айтылған тоқтау туралы талапты елемей, қашып кетпек болған. Басқаларға нақты қауіп төндірген жүргізушінің одан арғы қозғалысына жол бермеу үшін Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің инспекторы, кіші лейтенант Мадияр Сұлтанов көліктің бағдаршамға тоқтағанын пайдаланып, жүгіріп барып, әйнегін шағып, бұзақыны ұстады», - деп хабарлайды Полиция департаментінен.


Мадияр Сұлтанов көлікке жақындаған кезде жүргізушінің мас болғанына көзі жеткенін айтады.

«Ол есікті ашпай қойғаннан кейін, терезені шаққан абзал деп шештім. Қалыптан тыс жағдайда ең дұрыс шешім осы деген ойда болдым. Себебі, ол қашып кетіп, арты қиын жағдайға ұласуы мүмкін еді. Жүргізуші қарсылық танытқанымен, кілтті оталдыру тетігінен суырып алдым», - дейді ол.

Медициналық куәландырудан өткен 35 жастағы қала тұрғынының орта дәрежеде мас болғаны анықталды. Жүргізуші ұсталып, көлігі коммуналдық тұраққа жеткізілген. Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБжК-ның 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Еске салайық, елімізде 11 қаңтардан бастап көлікті мас күйінде басқарған жүргізушілерге жауапкершілікті күшейтетін Заң күшіне енді. Оған сәйкес, тәртіп бұзушылар өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылуы немесе 5 жылға дейін түрмеге тоғытылуы мүмкін.




Соңғы жаңалықтар