Көліктік бақылау саласындағы жетілмеген ақпараттық жүйеден 10 млрд теңге шығын келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көліктік бақылау саласының ақпараттық жүйелері жетілмеген. Осының салдарынан жыл сайын бюджетке айыппұлдар мен өзге де төлемдер түрінде түсетін қаражат көлемі 10 млрд теңгеге қысқаруы мүмкін. Бұл туралы көліктік бақылау саласына талдау жүргізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік дерегінше, Индустрия министрлігіне қарасты комитет көлікті бақылау саласын сапалы цифрлық жүйеге көшірмеген. Осыған байланысты көліктердің 90 пайызы мемлекеттік реттеуден тыс қалады.

«Мәселен, 5 топ 2 мың шетелдік рұқсат бланкілерін аялаяқтық жолмен алған. Инспекцияға олардың тек 4 пайызы ғана қайтарылды. Аталған топтар бланкілерді қайта сатқан болуы мүмкін. Сонымен қатар, өткен жылы 435 мың жалған диагностикалық карта берген 54 оператор анықталды. Бұл - автоматтандыру мен ақпараттық жүйелердің жетілмегендігіне байланысты болып отыр», - деп мәлім етті агенттіктің баспасөз қызметінен.

Мұнымен қоса, құзырлы орган жыл сайын «Қазақстан су жолдары» қазыналық кәсіпорынына бөлетін қаражаттың тиісті есебі жоқ екенін айтты.

«Тасымалдаушыларды айқындау жөніндегі конкурсқа қатысу өтініштері тек қағаз күйінде қабылданады. Ал, оларға берілетін субсидиялар болжамды көрсеткіштер негізінде төленеді. Нәтижесінде тасымалдаушылар өз шығындарын көп деп көрсетеді де, болжамды қомақты соманы алады. Кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан су жолдары» РМҚК жыл сайын 9 млрд теңге бөлінеді. Бұл ретте осы қаражат қажеттілігінің тиісті есебі жоқ», - делінген құзырлы органның баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Қоса кетсек, бұл уақытқа дейін Алматыда қоғамдық көлікті жүргізіп жүрген құжатсыз шетелдік азамат анықталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар