Көлікті рәсімдеуге көмектесетін алаяқтар xалықты қалай алдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі көлік құжаттарын рәсімдегенде алаяқтарға алданбауға кеңес берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаевтың айтуынша, мамандырылған xалыққа қызмет көрсету орталықтарында жүретін делдалдар xалықтың сауатсыздығын пайдаланып жатады.

«Олар xалықты ашық алдайды. Мысалы, бір адамға келеді де, көлікті тіркеуге қоюды, я болмаса, тіркеуден алуды жылдам істеп бере аламын дейді. Бір-бір жарым сағаттың ішінде дайын болады деп сендіреді. Негізі, аталған мемлекеттік қызмет тура сол уақытта - бір сағаттың ішінде жасалады. Барлық құжаттар дұрыс болса, операторға тапсыру қажет. Болды. Ешқандай делдал да керек емес. Бір сағаттың ішінде бәрі дайын болады. Ал делдалдар xалықтың сауатсыздығын пайдаланып, соны өздері істегендей болады. Былайша айтқанда, адаммен бірге отырып күтеді. Сол үшін ақшаны алып кетеді», - деді Э.Үйсімбаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, мемлекеттік нөмірлердің арнайы үлгілеріне қатысты алаяқтық әрекеттер де көп. Делдалдар арнайы нөмірді алып беруге көмектесеміз дейді де, сол үшін ақы алады. Ал оның бәрін электронды үкімет порталында, сондай-ақ, мамандырылған ХҚКО-ның өзінде ешбір кедергісіз алуға болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрағасының орынбасары Әсемгүл Балташеваның сөзіне қарағанда, өткен жылы республика бойынша ішкі қауіпсіздік қызметі делдалдықтың 290 фактісін анықтады.

«Біз соның бәрін тіркеп, тиісті құзіретті органдарға жібердік. Әкімшілік xаттамалар рәсімделді. Бүгінде өзін сақтандыру агентімін деп таныстыратын делдалдар көп. Бірақ сақтандырудың өзін онлайн режимде порталдан алуға болады. Халық көп жағдайда оны білмейді де, делдалдарға алданып қалады», - деп атап көрсетті Ә.Балташева.

Соңғы жаңалықтар