Көліктегі полиция департаменті бастығының экс-бірінші орынбасары сотталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Бүгін Алматы облысының Алакөл аудандық соты ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының экс-бірінші орынбасары және «ТЭК-Қазақстан» ЖШС-нің жұмыскерлеріне қатысты үкім шығарды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалына сәйкес, ҚР Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Е.Т. Бекеновке «ТЭК-Қазақстан» ЖШС қызметкерлерінің заңсыз қызметіне қамқорлық жасады деген айып тағылған болатын. ЖШС қызметкерлері алдын ала келісу арқылы адамдар тобымен 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында «ТЭК-Қазақстан» ЖШС «Достық» станциясының отын қоймасында сақталған дизель отынын жалпы сомасы 354 млн теңгеге ұрлаған. Кейіннен оны М.Н. Торайғыровқа тиесілі Алакөл ауданының автожанармай құю станцияларында сатқан.

Сот үкімімен Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Бекенов лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Аса ірі мөлшерде бөтен мүлікті ұрлауды ұйымдастырған «ТЭК-Қазақстан» ЖШС-ға тиесілі Қостанай және Достық станцияларының отын қоймаларының басшылары Болатхан Қасенов пен Серік Әлжанов 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Бұдан бөлек, Достық станциясының оператор-жанармай құюшылары Еркін Әлімбеков, Ғалым Құдабаев, Мейіржан Қалыбеков, Нұртай Қайыров, Алмас Ибрагимов 7 жылға сотталды.

Сондай-ақ Алакөл ауданының автожанармай құю станциясының иесі Мақсұт Торайғыров түпнұсқалығын растайтын құжаттарсыз бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлауға және мұнай өнімдерін тасымалдауға, сатып алуға, өткізуге көмектескені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Барлық сотталған тұлғалар Алакөл аудандық сотының залында қамауға алынды.

Е.Т. Бекенов өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Қалғандары мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаумен, сатып алумен, өткізумен, сақтаумен айналысатын ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындауға байланысты лауазымдарды 10 жыл мерзімге атқару құқығынан айырылды», - деп толықтырды департаменттен.


Соңғы жаңалықтар