Көлікте әйелді босандырып алған БҚО тұрғыны: Мен ерлік жасағаным жоқ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары қатарына Батыс Қазақстан облысынан Зеленов аудандық орталық ауруханасының медбикесі Елена Шушлебинаның енгені мәлім. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі елімізде танымал тұлғаға айналып үлгерген медицина саласының қарапайым қызметкерімен тілдескен еді.

-Елена Сергеевна, алдымен өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы айтып берсеңіз.

- Менің еңбек жолымның өз әріптестерімнен көп ерекшелігі жоқ. Осы Зеленов ауданы Железнов ауылында дүниеге келіп, мектеп есігін аштым. Кейін аудан орталығы Переметныйға ата-анаммен бірге көшіп келіп, білім алдым. Батыс Қазақстан медицина колледжін 2009 жылы үздік бітіргеннен бері аудандық ауруханада қызмет жасап келемін. Бастапқыда акушер болдым, аға медбике, бас медбике қызметтерін атқардым. Қазір 1-учаске бойынша медбикемін.

-«100 жаңа есім» жобасы өміріңізді қаншалықты өзгертті?

- Мұның бәрі - біздің тәуелсіз елде өмір сүріп, еңбек етіп жатқанымыздың арқасы. Қазақстанда ешқандай бөліну жоқ. Қай жерде болмасын келісім мен татулық салтанат құрған. Сонымен қатар талаптанса, елге үлгі боларлық іс жасаса, ол адамның ешқандай тамыр-таныссыз топ жарып шыға алатынын осы жоба көрсетті. Және ол әркімнің өзіне деген сенімін нығайта түсті. Соның ішінде мүгедектік арбаға таңылған жандардың да үмітін үзбей, еңбектенсе, талай биікті бағындыра алатынын уақыт көрсетіп отыр.
null

- Жоба жеңімпазы атанған кезде қандай сезімде болдыңыз?

- Біз Астанаға барған уақытта жаңа жобада үздік атанғанымызды білген жоқпыз. Елбасымыз жеңімпаздар есімін жариялаған сәтте ғана қуанышымыз қойнымызға сыймады. Оның үстіне, ел астанасына алғаш рет баруым болатын. Мемлекет басшысын өңірге сапары барысында алыстан көргенім болмаса, жақын барып, тілдескенім жоқ еді. Осының бәрі маған жан тебірентерліктей әсер етті. Біздің облысымыздан «100 жаңа есім» жобасына енген Ақсерік Әйтімов, Саида Қалықовамен де сонда таныстым. Шын мәнісінде Ақсерік Сарыұлымен бір ауданнан екенімді ғана білетінмін. Ол кісі туған жерін ұмытпай, үнемі көмектесіп тұрады. Басқасын айтпағанда, біздің ауруханаға бірде баласымен әйел адам келді. Көмекке мұқтаж екен, соны естіген бойда Ақсерік Сарыұлы арнайы келіп, қолұшын созды. Ал Саида Қалықованы көз жанарынан айырылса да, музыка әлемінде көптеген асуларға қол жеткізген ерекше дарын иесі екендігін бүгінде күллі Қазақстан біледі. Кішкене кезінен жетелеген анасының көмегімен Саиданың әлі талай сахнада өнер көрсететіні анық. Міне, осындай жандармен қатар жүру шынайы бақыт емес пе?!

- Ендеше, өзіңізді де сол қатарға жеткізген өткен жылғы оқиғаны еске түсірсеңіз.

- Әдеттегідей күндердің бірі еді. 19 шілде болатын, аудандық ауруханаға Орал-Тасқала жолы бойында әйелдің босанғалы жатқаны жөнінде хабар түсті. Дәл сол мезгілде акушер дәрігер демалыста еді. Бұрын әйелдер босанатын бөлімшеде жұмыс жасаған адам ретінде бригада құрамында менің баруыма  тура келді. Сөйтсем, сәби босану жолдарына теріс келіп тұр екен. Бастапқыда өте қорқынышты еді, бірақ тез шешім қабылдамасқа болмайтын еді. Бар білім-білігімді салып, әйелді машинада босандыруға тура келді, оның өзі де көмектесті. Көп ұзамай шақалақтың даусы шыр ете түсті. Анасы мен қызын аман-есен аудандық ауруханаға алып келдік. Бұл Ақтөбе қаласында тұратын 35 жастағы Роза Дүйісованың бесінші перзенті болып шықты. Тасқала ауданында тұратын туыстарына барып, кейін оралып келе жатқан беті екен. Қазір Роза менің жақын адамыма айналды. Жиі хат жазысып тұрамыз. Биыл сәбиі Назеркені 1 жасқа толуына орай Переметный ауылына, маған арнайы алып келмекші. Өзім де Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің күндізгі бөлімінде білім алсам ба деп бекініп жүрмін. Егер онда барсам, міндетті түрде соғамын. Қысқаша айтқанда, мен ерлік жасадым деп ойламаймын. Менің орнымда болған кез келген медицина қызметкері сондай тәуекелге барар еді деп ойлаймын.
null

- «100 жаңа есім» жобасы жеңімпазы атанған кезде ұжымыңыз, отбасыңыз да қуанған шығар?

- Әрине, аурухана ұжымы құшақ-құшақ гүлмен қарсы алды. Қызметтестеріммен әрдайым емен-жарқын қатынастамын. Әсіресе, аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Мақсат Оразбаевты бөле-жара атар едім. Мақсат Жүнісәліұлы білікті басшы әрі сенімді әріптес-дос ретінде кез келген жағдайда көмекке келіп, қажетті кеңесін береді. Сонымен қатар ортасына сыйлы педиатр.

Отбасыма келсем, мал өсірумен айналысатын отағасымның қолдауын үнемі сезініп отырамын. Өзім көбіне жұмыстамын. 2-сыныпта оқитын қызым мен үш жасар ұлымды әкесі мен ата-аналарым назардан қағыс қалдырмайды. Жалпы, тек жұмыста ғана емес, сонымен бірге барлық жерде де мейірбан болғанға не жетсін. Өзімнің басты ұстанымым осындай.
null

- Қазіргі таңда Елбасы тапсырмасына сәйкес қай салада болмасын цифрландыру жобалары қолға алынып жатыр, бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Біздің мекеме де қағазсыз құжат айналымына көшті. Бастапқыда қиындау тигені рас, кейін үйреніп кеттік. Шынына келгенде, бұл медицина қызметкерлерінің жұмысын қайта жеңілдетеді. Бәрі компьютерге салынған, кез келген науқастың картасын ашып қарасаң, бәрі жазулы тұрады. Сондықтан біз келген адамды қабылдап, оған жан-жақты қызмет көрсетуге көбірек көңіл бөлеміз. Мұның тиімділігі сол болып отыр.

nullnull
null

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Соңғы жаңалықтар