Көлік жүргізушілерін онлайн оқыту жойылмауы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жүргізуші куәлігін онлайн оқу арқылы беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жүргізушілерді онлайн оқытуды тоқтату мәселесі қазір талқыланып жатыр. Талдау жүргізіп жатырмыз. Шешім ғылыми негізге сүйене отырып қабылдануы тиіс. Онлайн оқытуды бірден алып тастау қарсылық тудырып, кері әсер етуі мүмкін. Әрине, жүргізуші куәлігін беру бойынша талапты күшейтеміз. Емтиханды бөгде кісілердің тапсырған фактісі тіркелді. Сондықтан мәселені бір жақты емес, кешенді түрде қарастыру қажет», - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Министрдің айтуынша, аталған мәселеге қатысты шешім қабылдауда қоғам пікірі ескеріледі.

«Осыған дейін қабылданған шаралар жүргізуші куәлігін беруді қайта қарауға басқа да себептердің барын көрсетіп отыр. Біз оларды жоямыз. Мүмкін онлайн оқуды қалдыру керек шығар, себебі орталыққа барып оқу бәріне бірдей ыңғайлы емес. Дегенмен талапты бұзғандарға неғұрлым қатаң шаралар қабылданады. Сол сияқты автокөліктерді техникалық байқау мәселесі бойынша көліктерді заңдастыру аяқталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданбақ», - дейді ол.

Айта кетсек, таңертең елімізде көлік жүргізушілерін онлайн оқыту жойылатындығы туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар