Көлік жолдарын жаңғырту арқылы экономиканың дамуына қолайлы жағдай жасалады

None
None
ыздың 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Еліміздің географиялық  қонысын ел игілігіне тиімді пайдаланып, транзиттік әлеуетімізді дамыту үшін Үкімет көлік саласында ауқымды жобаларды жүзеге асыруға, соның ішінде көлік жолдарын заман талабына сай жаңғыртуға білек сыбана кірісіп отыр.

Соның бір айғағы -  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы  облысында құрылысы басталған «Жетіген-Қорғас» теміржол желісінде болған кезінде бұл жобаның ел экономикасына елеулі үлес қосатынын айтып, осы істің барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқандығын атап өтті. Маңызды жобалар санатындағы теміржол  желісі  «Жетіген» стансысынан   басталып,    Іле, Талғар,   Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарының  аумағымен өтіп,   Қытай  шекарасына  барып тіреледі. Жоспар бойынша  бұл теміржол   жобасы   іске қосылғаннан кейін Ақтау мен  Алматыдан  Қытайға  жүк және   жолаушылар тасымалдау  аралығы 500  шақырымға дейін қысқарады.  Құрылыс кезінде   5500  адам жұмыспен    қамтылады.   Құрылыстың  жалпы құны 147,4  миллиард теңге.  Құрылыс мерзімі - 45 ай. Теміржол желісі  2012 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.  «Жетіген-Қорғас»  теміржол  желісі  құрылысының  жобасы  «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшылары»   бағдарламасының  аясында   Алматы  облысында жүзеге асырылатын    ең ірі  жобалардың бірі.  «Ұзындығы 293,2 шақырымдық бұл теміржол желісінің бойына 5 стансы, 9 жол айырығы салынады.Бұл жерлерге халық қоныстанып, жұмыс орындары ашылады.Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатының артуына үлес қосады», - деді Елбасы.

 

Президент «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі құрылысының басталуы шарасында еліміздің экономикасын дамыту үшін теміржол,  автожолдарды дамыту қажеттігін атап өтіп, алдағы уақытта Жезқазғаннан Каспийге дейін 1300 шақырымдық теміржол құрылысынының басталатынын, 2,5 мың шақырымдық Батыс Қазақстан-Батыс Қытай автожолының құрылысы жүзеге асатынын жеткізді.  «КСРО кезінде Қазақстанның сыртқа шығатын жолдары аз болды. Қазіргі уақытта сыртпен байланысты жандандыру үшін теміржол мен автожолдар өте қажет. Сондықтан халық игілігі үшін осы істер атқарылып жатыр», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 

Жалпы, жол салу арқылы халықты жұмыспен қамту, сондай-ақ өңірдің көліктік инфрақұрылымын жетілдіру  әлемдік тәжірибеде дағдарыспен күресудің ең тиімді тәсілі саналады. Осы орайда, тұтастай еуразиялық транзиттің дамуы мәселелері бойынша қабылданып жатқан шешімдер Жібек жолын жандандыру идеясын жүзеге асыруға бағытталған нақты да пәрменді  ұсыныстарға толы.  Айталық, Қазақстан халықаралық көлік интеграциясын тереңдету мен даму үрдісінің қазіргі талаптарына сай еуразиялық транзиттің өркендеуіне мүдделі. Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан еліміз қазіргі көлік инфрақұрылымын дамыту мен қалыптастыр бойынша және халықаралық мәні бар автомобильдік магистральдарды жетілдіру жөнінде мақсатты іс-қимыл жасауда. Қазіргі уақытта Қазақстанда ел аймақтарының арасында автотасымалды жүзеге асыратын және көршілес елдерінің автомагистральдарына шығатын автомобиль жолдарының негізгі желісі қалыптастырылған.

 

Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының құрылысы бүгінде әлемдік қауымдастық тарапынан үлкен маңызға ие болып отыр. Қытайдан бастап Қазақстан жері арқылы Ресей мен Еуропаны қосатын бұл желі,  үлкен жолдың бойындағы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартатын күретамыр іспеттес. Теміржол саласында да елдің транзиттік мүмкіндіктерін жақсартатын бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бар. Азаматтық авиация саласында жер бетіндегі инфрақұрылым нысандарын жаңғырту және дамыту бағдарламасын іске асыру жоспарланған.

Еуропалық және Азиялық мемлекеттердің көбісіне шығатын аймақтық автомобиль жолдарының жүйесінде қарқынды интеграция үрдісі жүріп, ірі көлік тораптары мен терминалдар дамуда. 2012 жылға дейін Қазақстан бойынша  7,5 млрд. доллардан астам қаржы қажет ететін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транскқұрылықтық автожол дәлізі жобасының жүзеге асырылуы басталды.

Жалпы ұзақтығы 8445 шақырым көлік дәлізінің Ресей Федерациясы аумағынан 2233-і өтсе, Қазақстанның үстінен 2787 шақырымы өтеді. Қытай аумағындағы жол - 3425 шақырым. Мамандардың айтуынша, көлік жолын қайта салған соң аса жоғары жылдамдықты қамтамасыз ете алатын мүмкіндіктердің арқасында жол қашықтығы 9 сағатқа дейін қысқаратын болады. Осының негізінде 5 халықаралық, 12 аймақтық көлік-логистикалық орталық ашу көзделуде.

 

Осы ретте айтарымыз, биылғы жылы бұл жобаны жүзеге асыру бойынша Дүниежүзілік банк пен Қазақстан тарапы «Оңтүстік-Батыс» автожолдарын дамыту жобасына 2,125 миллиард АҚШ доллары көлемінде қарыз бөлу туралы келісімге қол қойды
 Аталған қарыз Батыс Қытайды Батыс Еуропамен қосатын халықаралық дәліз аясында, Қазақстан арқылы өтетін 1 мың 62 шақырымдық жол учаскесін қайта салуға бөлінбек. 25 жылға есептеліп отырған Дүниежүзілік банкі қарызының 5 жылында жеңілдікті шарттар қарастырылған.  Дүниежүзілік банк қаржыландырып отырған жобаның мақсаты - Ақтөбе, Қызылорда облыстарының шекарасы мен Шымкент қаласы арасындағы жол учаскесінде көлік тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстандағы автожолдарды басқару мен жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталып отыр. Сонымен қатар жақында  ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде Ислам Даму банкімен аталған жобаны қаржыландыру бойынша келісімге қол қойылды. 170 млн. АҚШ доллары көлеміндегі бөлінетін қаражат ұзақтығы 58,1 шақырымдық Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасы - Тараз учаскесін жаңартуға арналған. Жалпы бүгінде жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен қаражат және халықаралық қаржы институттарынан займ тартылады. Кейбір учаскелерде, айталық Алматы - Қорғас және Ташкент - Шымкент - Жамбыл облысының шекарасы учаскелерінде мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік тетігін қолдану жоспарлануда.

 «Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін біз 4 ірі банктермен келісімге қол қойдық. Солардың бірі - Ислам Даму банкі. Жұмыс келесі жылдың қаңтар айынан басталады», - дейді ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов.

Атап айтқанда, халықаралық талаптар ескерілген сапалы жолды салу бағытында бүгінде елімізде  «Астана - Щучинск» автожолының құрылысы жүзеге асырылуда. Енді осы жолды салудағы тың тәжірибе алдағы уақытта ел өңірлеріндегі республикалық маңызы бар көлік дәліздерінде қолданылмақ. 2011 жылға дейін «Астана - Щучинск» автобанында  «Ақылды жол» жүйесін енгізу жоспарланған. «Ақылды жол» концессионерлік жобасына сәйкес «Астана - Щучинск» автобанында көлік құралдарына рұқсат етілген жылдамдықты, ауа-райы, температура, уақыт, алдындағы тосқауылдар мен көлік жүруге тиіс жолақты көрсететін электронды бағдаршамдар орнатылатын болады. Бүгінгі таңда осы жобаға қатысуға 17 елдің 63 компаниясы өтініш білдіріп отыр. ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша, еліміздің жол инфрақұрылымын дамыту саласындағы «Астана - Щучинск» автобаны - негізгі жобалардың бірі. Жолдың ұзындығы - 224 шақырым. Оның 215 шақырымы - 6 жолақты болса, қалған 9 шақырымы 4 жолаққа есептелген. Жобаның жалпы құны - 114,4 млрд. теңге. Бүгінгі таңда 50 шақырымды құрайтын жолдың бірінші учаскесі толығымен тапсырылып отыр. «Жалпы, еліміздің автожол саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы аясында республика бойынша 30 677 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Осы жұмыстарға 2482,2 млрд. теңге қарастырылып отыр», - дейді Ә.Құсайынов.

 

Сондықтан, еліміздің жол тораптарын дамытуда индустриалды-инновациялық тың ұстанымдарды енгізу бүгінде заман талабына сай бастамалар. Бұл жобаларды жүзеге асыру кейіннен келешегі кемел әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды  құруда, сонымен бірге осы бағытта  инвесторларды тартуға айрықша септігін тигізбек. Нәтижесінде,  көлік инфрақұрылымы саласындағы бұл серпіліс  дағдарыстан кейінгі кезеңде еліміздегі өңдеуші өнеркәсіпті және бәсекеге қабілетті бизнесті дамытудың сенімді негізі болмақ.

Соңғы жаңалықтар