Көлік полицейлері жаңа жыл мерекесінде күшейтілген қызметке көшті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, әуе және теміржол көлігі нысандарында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің жеке құрамы қызмет көрсетудің күшейтілген нысанына көшірілді.

Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкеновтің сөзінше, көлік полицейлерінің басты міндеттерінің бірі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау.

«Шынында да, мереке күндері жолаушылар ағыны еселеп артады. Өз кезегімізде, біз азаматтарға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау үшін барлық шаралармен қамтамасыз ететін боламыз», - дейді полиция подполковнигі.

Ж. Байкеновтың айтуынша, Жаңа жыл мерекесі кезінде адамдар көп шоғырланатын нысандарда, атап айтқанда жолаушылар поездарында, вокзалдар мен перрондарда құқықбұзушылық жасауға бейім тұлғаларды анықтау және жолын кесу бойынша жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізіледі.

Сондай-ақ азаматтардың қылмыстар мен оларға қатысты оқиғалар туралы өтініштеріне жедел ден қою үшін департаменттің кезекші бөлімдері мен оның желілік бөліністерінің жанынан қосымша жедел-тергеу топтары құрылды. Бұдан басқа, біздің қызметкерлер келу және кету уақытында, олардың жүру жолында халықаралық, республикалық маңыздағы жолаушылар поездарына ілесіп жүреді. Еліміздің барлық әуежайлары мен теміржол вокзалдарында кинологиялық қызмет орталығының мамандары қызметтік-іздестіру иттерімен патрульдеуге шығады.

Көлік сақшылары жаңа жыл мерекесінде кезекті рет азаматтардың жеке мүліктерін сақтап қалу, сақ болу және жүкті шамалы уақытқа болсын қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Егер Сізге қатысты құқықбұзушылық жасалған болса, бұл фактілер туралы дереу Көліктегі полиция департаментінің кезекші бөліміне 943262 телефоны бойынша немесе «102» телефонына хабарлау керек.

Еске сақтаңыз, жасалған құқықбұзушылық туралы полицейлерге бірден хабарлассаңыз, орын алған қылмыстың «ізін суытпай ашуға» мүмкіндік артады.

Еске сала кетейік, Департаменттің қызмет көрсету аумағының жалпы көлемі 17 мың км. асады. Осы аумақта 300-ден аса теміржол вокзалы және 18 әуежай кіреді, олардың 16-сы халықаралық маңызға ие.




Соңғы жаңалықтар