Көлік полицейлері темір жол рельстерін ұрлаған адамдар тобын ұстады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен-1 станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Шемонаиха темір жол станциясының аумағынан темір жол бөлшектерін ұрлаған 23 және 34 жастағы екі ер азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу барысында құқық бұзушылардың темір жол станциясы маңында орналасқан бір ЖШС-не кіреберіс жолдағы жалпы салмағы 2 тоннаға жуық рельстерді арнайы аппаратпен кесіп, алып кеткендігі анықталды.

Олар аталған қылмысты жасағандарын мойындады.

Ұсталғандар ШҚО Шемонаиха аудандық сотының шешімімен кінәлі деп танылды.

Осыған ұқсас жағдай ШҚО Тұрғұсын-Зырян станцияларының өткелінде де орын алды. Екі ер азамат темір жол жиегіндегі учаскеден ұзындығы 15 метр болатын темір жол рельстерін ұрлап, металл сынықтарын қабылдау пунктіне өткізу үшін Алтай қаласына алып кеткен.

Олар ізінше көлік полицейлерімен ұсталды.

Қолға түскендер Зырян аудандық сотының шешімімен ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар