Көлік полицейлері Наурыз қарсаңында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасын өткізеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 18-20 наурызы аралығында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға көліктегі ішкі істер органдарының барлық күштері мен құралдары қатысады.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Аманжол Қабыловтың айтуынша, аталмыш акцияның мақсаты - тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, республиканың темір жол және әуе көлігі нысандарында қылмыстың алдын алу және жолын кесу.

«Наурыз мейрамы қарсаңында вокзалдар мен әуежайларда адамдардың екі есе көп болатыны бәрімізге мәлім. Бұл - тек ел тұрғындары ғана емес, сондай-ақ елімізге мереке үшін арнайы келетін алыс және жақын шетел азаматтары. Біздің басты міндетіміз - олардың әрқайсысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деп атап өтті полиция полковнигі.

Сондай-ақ, ол қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызмет басшылары мен жеке құрам қатарынан жедел, жұмыс топтары құрылатынын атап өтті. Күн сайын департаменттің мыңнан астам қызметкері қызметке түседі.

«Барлық аэро және темір жол вокзалдарында жолаушылар легі, сондай-ақ елдің оңтүстік аймақтарынан келетін жолаушылар пойыздарында және қырғыз, өзбек халықаралық жолаушылар пойыздарында профилактикалық тексеру жұмыстары жүргізіледі», - деп түйіндеді полиция полковнигі.

Сондай-ақ, Аманжол Қабыловтың айтуынша, темір жол және әуе көлігі объектілерінде департамент және оның желілік бөлініс қызметкерлері бопсалау, қалта ұрлығымен айналысатын тұлғаларды анықтау және олардың қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесу, қылмыстық жауапкершілікке тарту және есепке қою мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады.

Сонымен қатар, кинолог-мамандар қызметтік іздеуші иттердің көмегімен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша іс-шараларға қатысады. Департаменттің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүк бөлімшелерін, сақтау орындарын, күту залдарын тексереді.

Соңғы жаңалықтар