Көлік полицейлері көктемнің қос мерекесін атап өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Наурыз мейрамы мен Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелерін атап өтті. Көлік полицейлері Астана қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің алаңына 5 киіз үй тігіп, ұлттық тағамдарға толы дастархан жайды. Оған ІІМ өкілдері, ІІО ардагерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, сондай-ақ әуе және теміржол ұйымдарының қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Мерекелік іс-шараны алғы сөзбен ашқан Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев қатысушыларды қос мерекемен құттықтады.

«Халқымыз ежелден береке-бірлікті: «Ырыс алды – ынтымақ», - деп дәріптеген. Бұл, ең алдымен, табиғаттың жаңаруының, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің мерекелері. Сондықтан бұл мейрамдардың біз үшін орындары ерекше», - деді полиция полковнигі. Бұдан соң ол жиналғандарға зор денсаулық, еңбектеріне табыс, шаңырақтарына баянды бақыт тіледі.


Айтулы мерекелерді полицейлер дәстүрлі түрде жыл сайын атап өтеді. Бұл күні тәртіп сақшылары полиция формасын қазақтың ұлттық киімдеріне ауыстырып, мерекеге құрмет көрсетеді. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруда ықпалы зор екендігін айтты.

«Бірлік», «Ынтымақ», «Достық» және «Тұран» атты төрт ауылдан құралған Департамент аппаратының қызметкерлері өзара сайысқа түсті. Олар комиссия мүшелері мен қонақтарға «Сырға салу», «Беташар» «Бесікке салу» және «Тұсау кесу» сияқты көшпенді қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетті.


Алаңда тігілген ақшаңқан қазақ үйлер мерекелік шараның көркін ашты. Қатысушылар халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған заттарды тамашалап, ұлттық тағамдар мен Наурыз көжеден дәм татты. Алтыбақан теуіп, ән салды, би биледі.

Мерекелік басқосуда елімізді мекендейтін түрлі ұлттар мен ұлыстардың да билері биленіп, әндері шырқалды. Тіпті полицейлер ұлттық спорт түрлері саналатын «арқан тарту», «гір тасын көтеру», «қол күрес», «асық ату» және т. б. жарыстарға қатысып, өз күштерін сынады.

Үздік театрландырылған нөмірлер мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары Департамент бастығының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Үздік киіз үй», «Үздік ұлттық костюм» және «Үздік дастархан» сынды номинациялар бойынша түрлі марапаттар табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар