Көлік картасында қанша ақша қалғанын енді «Астана LRT» сайтынан білуге болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана LRT» компаниясында жолаушылардың көлік картасынан ақшаның екі есе алынып тасталатына қатысты шағымға жауап берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамдардың шағымы дәлелсіз болмауы үшін мен әрдайым мұндай жағдайда картаның нөмірін жолдауды сұраймын. Тұрғындар тексеріп беруді сұраған көлік карталарының барлығын толығымен талдап тексеріп, қосымша ақша алыну жағдайын кездестірген жоқпыз. Қалалық тариф - 90 теңге, экспресс - 180 теңге. Қатенің кеселінен ақшаның алыну жағдайы тіркелген жоқ», - дейді компанияның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева редакцияның ресми сауалына.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда жолаушыларды да айыптау орынсыз.

«Жолаушыларды да түсінуге болады - себебі қайда барғанын барлық адамдар есіне сақтамауы да ықтимал. Өзім де қоғамдық көлікте жүретіндіктен, мұндай жағдайларды түсінемін», - дейді Науат Азанбаева.

Сонымен қатар, «Астана LRT» өкілі осы жылдың қыркүйегінде басталғалы отырған төлем жүргізудің жаңа мүмкіндіктері мен көлік картасындағы ақшаны бақылау жүйесі туралы айтып берді.

«Толық детализацияны сайтқа кіріп, ол жерге өтінім қалдыру арқылы алуға болады. Қыркүйек айынан бастап тың қызмет жұмысын бастайды - жолаушы көлік картасындағы ақшаның қанша қалғанын бақылай алады. Сонымен бірге, 1 қыркүйектен бастап СМС арқылы төлем жүргізу әдісі іске қосылмақ. «Beeline» компаниясы 1 sms - 1 теңге акциясын жүргізетіен болады», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін астаналықтар Astra plat картасынан ақшаны екі есе алынып жатқанын айтып шағымданған болатын. Қала тұрғындары өздерінің шағымдарын әлеуметтік желіге қалдырған.

Соңғы жаңалықтар