Көлік байланысы және энергетика: Қазақстан мен ЕО қатынастары қалай дамиды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығына 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында ел экономикасына 170 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Еуроодақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналды. Екіжақты қарым-қатынас тарихы қандай? Ынтымақтастық одан әрі қалай дамиды? Толығырақ ҚазАқпараттың сараптама материалынан оқи аласыздар.

Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық

Осыдан тура 30 жыл бұрын, яғни 1993 жылғы 2 ақпанда Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Сол жылдың желтоқсан айында Бельгияның Брюссель қаласында Қазақстанның ЕО-дағы өкілдігі ашылды. Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі жұмысын 1994 жылы қарашада Алматы қаласында бастады. Ол кейіннен 2007 жылы Астана қаласына көшірілді. Қазіргі уақытта екі тарап қол қойған кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім экономика, сауда және инвестиция салаларынан бастап авиация, білім беру және зерттеу, азаматтық қоғам мен адам құқықтары саласындағы әріптестікке дейін ынтымақтастықтың 29 саласын қамтиды. Еуропалық одақта 27 мемлекет бар. Бұдан бөлек 7 мемлекет үміткер ел ретінде тіркелген.

Еуропалық одақ - Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі. Қазақстандық сыртқы сауданың және шетелдік инвестициялардың 30%-дан астамы ЕО-ның үлесіне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, тараптар арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары. Экспорт 32,3 млрд АҚШ долларды, импорт – 7,6 млрд АҚШ долларды құрады.

Қазақстан – ЕО-ға мұнай экспорттайтын елдер ұйымына (ОПЕК) кірмейтін мемлекеттер арасында Ресей мен Норвегиядан кейінгі үшінші ірі жеткізуші. Еліміздегі мұнайдың 80%-ы ЕО елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар Қазақстан ЕО-ның ядролық өнеркәсібі үшін уран шикізатын ең ірі жеткізуші және ЕО-ның уранға сұранысының 21%-дан астамын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Еуропалық Одақ елдерінен Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция ағыны жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдары ЕО-дан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция жыл сайынғы өсімі 20%-дан асқан.

Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді, оның ішінде «Shell», «Eni», «Total», «Amazonen-Werke», «Air Liquide», «Alstom» және «Carlsberg» сияқты жаһандық алпауыт компаниялар жұмыс істейді.

Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім

Алғаш рет Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оған мүше мемлекеттер арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы Келісім 1995 жылғы 23 қаңтарда 10 жыл мерзімге қол қойылып, ол 1999 жылғы 1 шілдеде күшіне енген болатын. Алайда жылдар өткен сайын серіктестіктің тереңдеу динамикасы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін ұлғайтуды және нығайтуды талап етті. Қазақстан мен Еуропалық одақ (ЕО) арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) 2020 жылы 1 наурызда күшіне енді. Еуропалық одақтың барлық мүше мемлекеттері және Еуропалық Парламент ратификациялаған бұл Келісім Қазақстан мен ЕО қатынасында 1999 жылдан бері қолданылып келе жатқан Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді алмастырды.

Келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы қатынастардың құқықтық негізі болды. Жаңа құжат ЕО мен оның мүше елдерінің Қазақстанмен сауда және инвестицияларды дамыту, сот төрелігі және ішкі істер, экономикалық және қаржылық ынтымақтастық, энергетика және көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту және әлеуметтік саясат, мәдениет, ғылыми-зерттеу жұмыстары сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастығын күшейтеді.

2022 жылдың соңында дипломатиялық қатынастар орнатылуының 30 жылдығы қарсаңында елімізге ресми сапармен Еуропалық Кеңес басшысы Шарль Мишель келді. Кездесу барысында тараптар энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін, «жасыл» экономика, көлік пен логистика саласын дамытуды талқылады. Екіжақты кездесу барысында демократия және адам құқықтары мәселелері бойынша сөз қозғалды. Сондай-ақ Шарль Мишель Қазақстанда жасалып жатқан ауқымды реформаларға қолдау білдірді.

Алайда ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Олжас Сүлейменовтің айтуынша, стратегиялық серіктестер белгіленген бағыттармен шектелмейтінін жеткізді.

«Өткен жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңестің Президенті Шарль Мишельдің қатысуымен Батыс Қазақстанда жел және күн электр станцияларын орнату және 2030 жылдан бастап 3 млн тонна «жасыл» сутекті өндіру бойынша құны 30-40 млрд еуро болатын ірі еуропалық «Svevind» компаниясымен маңызды келісімге қол қойылды. Бұл Еуропалық одақтың осы өнімге деген қажеттілігінің бестен бір бөлігін құрайды», - деді Олжас Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қараша айында Еуроодақтың бастамасымен ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйен Қазақстанның қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын орнатуға ықпал ететін ҚР мен ЕО арасындағы тұрақты шикізаттың, батареялардың және «жасыл» сутектің құнын құру тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, «жасыл сутегі» жобасы болашаққа ерекше әсер етеді, өйткені «жасыл сутегі» нарығының көлемі небәрі 10 жылдан кейін 100 миллиард доллардан асады.

Ынтымақтастық қалай дамиды?

Осы аптада Алматыда «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» II Экономикалық форумы өтеді. Жиында «Жасыл» экономикаға көшу, цифрлық жаңғыру, Орталық Азия елдеріндегі іскерлік ахуалды жақсарту, сондай-ақ сауда мен көлік байланысын кеңейту сынды басым салаларға назар аударылмақ. Әр тарапқа бірдей тиімді болатын бірлескен жобалар жайы да қозғалады. News Central Asia мәліметтері бойынша, Орталық Азия елдерінің үкіметтері Болашақ реформалар үшін маңызды салаларда әзірлеген ұлттық стратегияларға негізделетін болады. Сонымен қатар, кездесуде жеке сектормен одан әрі өзара іс-қимыл және екі өңірдің бизнесі арасындағы ынтымақтастық бойынша ұсынымдар ұсынылатын болады.

Фото: paldrop.com

12 мамырда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық одақтың (ЕО) Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің басшысы Елші Кестутис Янкаускаспен кездесу өткізді. Олар өзара Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің әлеуетін толық іске асыру жөніндегі алдағы қадамдарды талқылаған болатын. Еуроодақтың «Global Gateway» стратегиясы аясында ерекше өзектілікке ие болған көлік және логистика, инфрақұрылым және аса маңызды металдарын өндіру салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО сауда-экономикалық қатынастарындағы ең перспективалы бағыттардың бірі - баламалы маршруттарды дамыту және көлік-логистикалық әлеуетті, атап айтқанда Транскаспий халықаралық көлік бағытын іске асыру мәселесі.


Соңғы жаңалықтар