Көлік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің саны көбеймейді - Жеңіс Қасымбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда көлік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің штат саны көбейтілмейді. Бұл жайында Мәжіліс депуттарының ресми сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автомобиль көлігі туралы» қолданыстағы Заңның орындалуын қатаң қадағалап, автожолдарды ауыр салмақты көліктердің бүлдіруіне жол бермеуге тиісті өңірлік көлік бақылау инспекциялары өздеріне жүктелген міндетті толық атқарып отыр деу қиын екендігі айтылған. Себебі олардың қызметкерлерінің саны аз және материалдық-техникалық жабдықталуы жеткіліксіз. Мысал үшін, егіншілікпен айналысатын Солтүстік Қазақстан облысының көлік бақылау инспекциясындағы 6 қызметкер 13 ауылдық ауданның жолдарындағы көлік ағынын қадағалап үлгере алар емес. Мұнда жалғыз-ақ жылжымалы көліктік бақылау бекеті бар. Ал ұлан-ғайыр егін алқабына ие Қостанай облысында небәрі 2 жылжымалы бекет жұмыс істейді. Астықты Ақмола облысында да олардың саны - 4-еу ғана», - делінген депутаттардың ресми сауалында.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары еліміздің негізгі астықты өңірлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, олардың көлік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің және жылжымалы көлік бақылау бекеттерінің санын көбейту мәселесін қарастыруды ұсынған болатын.

Ресми сауалға жауап берген Жеңіс Қасымбектің атап өтуінше, Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылауды 48 жылжымалы, 3 стационарлық көліктік бақылау бекеті және арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы (бұдан әрі - ААӨҚ) жүзеге асырады.

«Бүгінгі күнгі Қазақстан Республикасында көлік құралдары мен оның салмақ габаритті өлшемдері туралы ақпаратты автоматтық түрде жіберетін 12 ААӨҚ бар. Тек 2018 жылы ААӨҚ көлік заңнамасының 804 бұзушылығын анықтаған, ауыр салмақты және (немесе) ірі габаритті көлік құралдарымен жүріп өткен үшін 91 млн 937 мың теңгеден астам айыппұл мен алым сомасы өндірілді, Жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде ( бұдан әрі - ЖКББ) 24 242 бұзушылық анықталып, 5 млрд. 951 млн теңгеден астам айыппұл мен алым сомасы өндірілді. Бұдан басқа, 2018 жылы көлік саласындағы уәкілетті орган 8 ЖКББ, Павлодар облысының әкімдігі 3 ЖКББ сатып алды және көліктік бақылау инспекциясының теңгеріміне берілді», - деп атап өтеді вице-премьер.

Сонымен бірге ол көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың орын алғандығын ескере отырып, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөнінде бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданғанын еске салады.

«Қолданыстағы жоспардың шеңберінде автокөлік құралдарын салмақ габаритті өлшеудің автоматтандырылған станцияларын құру арқылы көліктік бақылауды қашықтықтан жүзеге асыру нысанына толық көшіру шаралары пысықталуда, бұл бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру кезінде лауазымды адамдардың қатысуын болдырмайды. Осыған байланысты, алдағы уақытта ЖКББ-нің және лауазымды адамдардың санын көбейту көзделмеген»,- деді Жеңіс Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар