Көлік алуға жеңілдікпен несие беру ісі қашан жанданады
2022 жылғы 3 маусым 17:20

Көлік алуға жеңілдікпен несие беру ісі қашан жанданады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Қазақстанда көлік алуға жеңілдікпен пайызы төмен несие беру бағдарламасы бойынша жұмысты жандандыруға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, жеңілдетілген пайызы төмен несиені қаржыландыру аясында Қор екінші деңгейлі банктерге келесі лимиттермен 100 млрд теңге бөлуді қарастырады:

- «Еуразиялық банк» АҚ – 35 млрд теңге (бірінші транш – 15 млрд теңге, 2 транш – 20 млрд теңге);

- «Банк ЦентрКредит» АҚ – 27,5 млрд теңге;

- «Қазақстан Халық Банкі» АҚ – 15 млрд теңге;

- «Forte Bank» АҚ – 15 млрд.

«Аталған бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері банктер жалпы сомасы 71 млрд теңгеге 9 575 өтінімді мақұлдады», - делінген қордың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

«Еуразиялық банк» АҚ өтінімдерді мақұлдау арқылы бірінші траншты толығымен игеріп, 20 млрд теңге сомасында екінші траншты алу сатысында тұр.

Ал «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ға тоқталсақ, азаматтардың пайызы төмен несие алуға өтініштерінің нақты мақұлдануын ескере отырып, лимитті 7,5 млрд теңгеге арттыру мәселесі қарастырылып жатыр.

«Қазіргі кезде бөлінген лимиттер аясында «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Forte Bank» АҚ көлік алуға жеңілдікпен пайызы төмен несие беруге өтінімдерді қабылдауды жалғастырып отыр. Алдағы аптада Қор лимиттердің қалған сомаларын «Еуразиялық банк» АҚ және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ға аударуды жоспарға енгізді. Олар осы лимиттер бойынша өтінімдерді қабылдауды қайта бастайды», - деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бағдарлама бойынша несие беру револьверлік сипатқа ие. Яғни несие бойынша қайтарылған қаражат есебінен банктер көлік алуға жеңілдікпен пайызы төмен несие беруге қосымша өтінімдерді қарайтын болады.

Осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында аталған бағдарлама аясында банктер өтінім қабылдауды уақытша тоқтатқаны туралы ақпарат тараған еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT