Көлгінов жаңбыр суының астында қалатын көшелер проблемасын қалай шешпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Елордада нөсерлі жауын суының астында қалатын көшелердің проблемасын шешу үшін екі-үш жыл қажет. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасына сұхбат берген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сұхбат барысында А.Көлгінов қала көшелеріндегі кәріз жүйесін ретке келтіру жұмыстарының барысы туралы мәлім етті.

«Бұл мәселе әсіресе, күзде, көктемде жаңбыр жауғанда туындайды. Жаздыгүні нөсер жаңбыр жауғанда да су толып қалатын жерлер бар. Оны қала тұрғындары жақсы біледі. Ең проблемалысы – Бауыржан Момышұлы көшесінде. Ол жер осыдан бір-екі жыл бұрын да талқыланған. Содан бері әкімдікте жобалық құжаттама әзірленді. Осыған ұқсас тағы бір орын – Республика даңғылы мен Иманов көшесінің қиылысында. Ал үшіншісі – Тұран даңғылында. Бұл үшеуі ең ірісі», - деді ол.

Елорда басшысының айтуынша, жаңбыр жауған сайын «109» iKOMEK орталығына да қоңыраулар көптеп түседі.

«Әлеуметтік желілерден де хабарлар түседі. Қала бойынша су жиналып қалатын 32 орын бар екен. Соның 16-сының қазір жобалау жұмыстарын бастап кеттік. Алдағы уақытта тағы 16-сына жобалау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең өзектісі – Бауыржан Момышұлы көшесіндегі тұсқа қазір конкурс жүргізіліп жатыр. Яғни, жобалау жұмысы бітті. Ал конкурс алдағы уақытта бітеді. Биыл бастасақ, келесі жылы аяқтауымыз керек. Бауыржан Момышұлы көшесі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – инженерлік желі, су жинайтын кәріз жүйесі. Ал екіншісі суды тазартатын жоба бар. Бұл 3 млрд теңге тұрады. Оны келесі жылы бастайтын боламыз. Иманов көшесіндегі рәсімдеу құжаттарының бәрі бітті. Конкурс аяқталды, мердігер белгіленді. Олар жұмысын бастады. Алдағы уақытта бұл жұмыстың басталғанын көрсететін боламыз. Ол да үлкен жоба. Иманов көшесінен судың бәрін ағызып әкету керек. Жер қазып 7-9 метрге дейін суды бұратын кәріз желілерін салуымыз қажет. Ары қарай су жинақтайтын орны болады. Соны қалпына келтіруіміз керек», - деді ол.

Әкімнің сөзінше, бұл – үлкен жұмыс және оны іске асыруға екі-үш жыл уақыт қажет.

«Ең бастысы, жұмыс басталды. Бұл Мемлекет басшысының қадағалауында тұр. Тиісті қаржы бөлінді. Көрінген таудың алыстығы жоқ. Ол жұмысты аяқтаймыз», - деп түйіндеді шаһар басшысы.

Соңғы жаңалықтар