Көлгінов пен Шпекбаев елордадағы «Ашық әкімдікте» халықты қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімдігінде «бір терезе»қағидаты бойынша қызмет көрсететін «Open әкімдік» ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы өз сөзінде әкімдіктердің ашық түрде жұмыс істеуі туралы жиі айтады. Бұл алаңның да идеясы сол– ашықтық және қолжетімділік. Сондай-ақ – сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол бермеу. Яғни, халыққа қызмет жабық кабинетте емес, ашық алаңда көрсетіледі. Сол секілді, бұл жерді маусымдық сұрақтарды шешу алаңы деп айтуға болады. Атап айтсақ, жаздыгүні балаларды мектепке дайындау жұмыстары, қазіргі күні қысқа дайындық мәселелері, ал қыстыгүні қар тазалау, ПИК-тің қызметіне қатысты сұрақтар дәл осы жерден шешілетін болады. Ашық әкімдіктен бөлек, бізде барлық аудандық әкімдіктерде «Адалдық алаңы» жұмыс істейді. Ол жерде де халыққа көрсетілетін қызметтің адал әрі ашық түрде жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов алаңның ашылу салтанатында.

«Open әкімдік»-те азаматтарды қабылдау мен қызмет көрсету бөлмесі, балалар бұрышы, кітапхана және өз-өзіне қызмет көрсету аймағы бар.

«Қазіргі күні республика бойынша 400-ден астам осы секілді фронт-кеңселер халыққа қызмет көрсетуде. Мақсат – әр тұрғын өзін толғандырған сұрақтардың жауабы мен қызметкерді қолжетімді және сапалы түрде алуы тиіс. Ендігі уақытта Алматы және Байқоңыр аудандарында осы секілді орталықтар ашу керек», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Елордалықтар жаңа қызмет көрсету орталығында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Тұрғын үй қоры, Жұмыспен қамту орталығы, Қазпошта және аудан әкімдігінің қызметтерін электронды кезекке тұру арқылы қолдана алады.

Сондай-ақ А. Көлгінов пен А. Шпекбаев «Open әкімдік» базасында азаматтарды қабылдап, олардың мәселелерін жеке бақылауға алды.


Соңғы жаңалықтар