Көлгінов елордалықтардан қаланы дамыту бойынша идеяларымен бөлісуді сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі жүзеге асырып жатқан жобалар бойынша бірлескен шешімдер қабылдау үшін онлайн-платформа ашылды. Бұл туралы қала басшылығының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ashyqаlan.kz интернет-платформасы бизнес, мемлекет және жалпы қоғам алдында тұрған міндеттерді шешу үшін ақпараттық технологиялар арқылы халықтың ресурстарын жұмылдыруға арналған. Интерактивті онлайн-платформа мемлекеттік органдар белгілеген тақырыптар бойынша мүдделі адамдарды біріктіріп, олардың өз идеяларын ұсынуына, түсініктеме беруіне, талқылауына және таңдауына мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысы азаматтардың барлық өтініштеріне жедел жауап беру және коммуникацияның жаңа формаларын пайдалануды әкімдерге басты міндеттердің бірі етіп қойып отыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және жеке өзім әрқашан тұрғындар мен біздің әріптестеріміздің өзара әрекетін барынша тиімді әрі нәтижелі етуге тырысамыз», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Шаһар басшысы тұрғындарды өздерінің идеяларын белсенді түрде ұсынуға және қаланы жақсартуға атсалысуға шақырды.

«Елорда дамуының бірлескен ең жақсы жолдарын табу үшін біліміміз бен тәжірибемізді ортаға салайық. Біз үшін сүйікті қаламызда тұратын, жұмыс жасайтын, білім алатын және демалатын адамдардың пікірін білу маңызды. Әрбір пікір ескерусіз қалмайды. Ең жақсы идеялар жүзеге асырылады», - деді А. Көлгінов.

Азаматтардың интернет-платформаға жіберген идеялары сараптамалық іріктеуден, талқылаудан және дауыс беруден өтеді. Іріктеуден өткен идеялар жүзеге асырылатын болады.

Соңғы жаңалықтар