Көлеңкелі экономика күнгейге шығар күн жақын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде әлемнің барлық мемлекеттерін ел қазынасына құйылмай, кейбіреулердің құлқынына кететін көлеңкелі экономиканың қаржы айналымы алаңдататындығы белгілі. Мемлекеттік бақылауы мен есебінен жасырын жүргізілетін бұл экономикалық қызметтің тамырына балта шабу әзірше қиын болып тұр. Тіпті, әлемнің дамыған елдерінде де оның белең алып отырғандығы белгілі. Мәселен, Еуропа елдерінде көлеңкелі экономиканың көлемі 2 трлн. еуро төңірегінде бағалануда.

Айта кетерлігі, көлеңкелі экономиканың өрістеуіне салықтың жоғарылығы, қаржы жүйесінде дағдарыс әрі оның экономикаға теріс әсері, жекешелендіру үдерістерінің жетілдірілмеуі, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендігі, жұмыссыздық деңгейінің жоғарылығы, заңнаманың жетілдірілмегендігі, заңсыз әрі криминалдық сипатқа ие экономикалық қызметтердің жолын кесудегі құқық қорғау органдарының әлсіздігі сынды факторлар тікелей әсер етеді. Жоғарыда атап өткен әлеуметтік-экономикалық һәм құқықтық факторлардың барлығы дерлік дұрыс жолға қойылған десек те, біздің елімізде де бұл көріністің белең алып тұрғаны анық жайт. Сондықтан да өткен жылдың 11 қазанында Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Министрлер кабинеті алдына көлеңкелі экономикамен күресті жандандыру бағытында тапсырма жүктеген еді.

Бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында әзірленген 60 шарадан тұратын 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары таныстырылды. Негізгі баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың атап өтуінше, еліміздегі көлеңкелі экономика құрылымының жартысынан көбін бейресми қызметтер арқылы жүргізілетін тауарлар мен қызметтері өндірісі алып отыр. Ал оның 22,9 пайызы сауда-саттыққа, 15,6 пайызы ауыл шаруашылығына, 14,1 пайызы көлікке, 12 пайызы жылжымайтын мүлік операцияларына тиесілі.

«Көлеңкелі экономиканың пайда болуы тікелей елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен байланысты. Бұл ретте көлеңкелі экономика елдегі белгіленген төмен салықтық мөлшерлемелерге қарамастан бюджетке салық төлеуден түсетін табысты едәуір төмендетіп отыр», - деді министр.

Мәселен, оның алға тартқан деректеріне қарағанда, 2007-2013 жылдар аралығында жалған кәсіпорын ретінде танылған салық төлеушілердің саны 1352 бірлікке жетіп, бюджетке түспей қалған қосылған құн салығы көлемі 193 млрд. теңгені құрады. Бұған қоса, жыл сайын шамамен 6 мың салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша еш құжат тапсырмайды не болмаса нөлдік декларация ұсынады. Соның салдарынан жыл сайын қосылған құн салығы бойынша бюджет жоғалтатын қаражат орташа есеппен 128 млрд. теңгені құрайды. «Осыған орай арнайы ҚҚС-есепшотын енгізуді қарастыру ұсынылады. Бұл ҚҚС төлеуден жалтару бойынша сызбаны пайдалану мүмкіншілігін жоғалтады», - деді ол. Е.Досаевтың атап өтуінше, көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудағы тиімді шаралардың бірі электронды есепшот фактурасын енгізу болып есептелінеді. Бағалау бойынша ұсынылған іс-шараларды жүзеге асыру шамамен 1,1 трлн. теңгені көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді. Көлеңкелі экономикадағы келесі басым үлес сауда-саттық саласына қатысты болып отыр. Мәселен, бұл саланың 2012 жылғы көлеңкелі экономикадағы үлесі 1335,3 млрд. теңгеге жетіп жығылды. Көлік саласында да жасырын жүргізілетін қаржының қарасы 820 млрд. болса, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар 700 млрд. теңгеге жуықтайды. Көлеңкелі экономиканың тамыры тереңге жайылған келесі бір тармағы - ауыл шаруашылығы саласы. Оның үлесі ЖІӨ-нің 3 пайызын немесе 910,4 млрд. теңгені құрайды.

Айта кетерлігі, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 1,5 млн. халықты қамтитын ауыл шаруашылығы саласындағы көлеңкелі экономиканың гүлденуіне бүгінде қолданыстағы салық саясатының тікелей қатысы бар да сияқты. Мұны осы жиында сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ашық айтты. «Проблема мен бастапқы себеп - қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада бекітілген салық саясатында. Қаласақ та, қаламасақ та, жақсы болсын, жаман болсын бізде агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің 80 пайызы қосылған құн салығын төлемейді. Сондықтан да сатып алушылардың алдынан айналымнан салық төлеу не болмаса көлеңкеге кету проблемасы туындайды», - деген ол аталған тығырықтан шығудың екі жолын атады. Оның біріншісі - батыс елдеріндегідей барлық шаруа қожалықтарына қосылған құн салығын төлеуді міндеттеу. Екіншісі - ҚҚС төлемейтіндерден өнімді сатып алатындарды салықтан босату.

«Өнеркәсіп саласындағы бұзушылықтар негізінен ішкі және сыртқы нарықтарда мұнай мен мұнай өнімдерін сату кезінде алатын нақты табыстарын жасыру мақсатында жүзеге асырылады», - деп баяндамасын жалғаған Экономика министрі оның нақты екі тәсілін атады.

Оның атап өтуінше, бірінші кезекте мұнай түрлі қондырғылардан, уақытша қоймалардан ұрланады. Екіншіден, мұнай құбырларын тесу арқылы жүзеге асырылады. «Заңсыз өндірілген мұнай осы мақсаттар үшін құрылған фирмалар арқылы мұнайдың жер қойнауын пайдаланушылардан сатып алынғаны туралы жалған құжаттарды пайдалану арқылы заңды айналымға шығарылады», - деді ол.

Осы ретте еліміздің Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске мұнай өнімдерін өндіру бойынша заңнама талаптарын бұзғаны үшін мұнай өңдеу зауыттарының әкімшілік жауапкершілігін белгілеу, сондай-ақ мұнайдың заңсыз айналымы мен ұрлануына қатысы бар тұлғалардың мүлкін тәркілеу санкциясы қарастырылатын норманы әзірлеу ұсынылғандығын атап өтті. «Қазіргі уақытта аталған ұсыныстар мемлекеттік органдарда қарастырылуда», - деді Ұ.Қарабалин.

Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-Министр Серік Ахметов Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі енгізген кешенді жоспар барлық мемлекеттік органдар тарапынан тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылаудан өткендігін атап өтті. Дегенмен бүгінгі Үкімет отырысында көтерілген мәселелер кешенді жоспардан тыс қалмауы қажеттігін де қаперге алған С.Ахметов: «ЭБЖМ-ге мемлекеттік органдармен бірлесіп, бүгінгі талқылауды ескере отырып, құжатты түзетуді және 13 наурызға дейін Үкімет қаулысымен келісілген кешенді жоспар жобасын енгізуді тапсырамын», - деді.

Соңғы жаңалықтар