Көлде сырғанаған қыз: «Алматы Су» қалаға келетін су таза деп сендірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - «Алматы Су» МКК қалаға келетін ауыз судың тазалығы барлық стандарттарға сай деп сендірді. Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында кәсіпорын басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Журналистер кәсіпорын басшылығынан Үлкен Алматы көлінде сырғанақ тепкен фигурист қыздың әрекетіне түсініктеме беруді сұрады.

Коммуналдық кәсіпорын өкілдері Үлкен Алматы көлін күзету олардың құзырына кірмейтінін айтты.

«Онда бірнеше өзен бар. Біз суды өзеннен аламыз. Үлкен Алматы көлінің өзінен алмаймыз. Көлдің ахуалына Алматы электр желілері Каскад ГЭС қызмет көрсетеді, пайдалану сұрақтарына Іле Алатау паркі жауап береді. Біз судың бәрін емес, бір бөлігін ғана аламыз. Одан соң су бірнеше тазарту кезеңінен өтеді. Алматы ауыз суды тек Үлкен Алматы көлінен алады деген қате түсінік», - деді «Алматы Су» кәсіпорнының ресми өкілі  Серік Шағыров.

Кәсіпорын судың сапасы бойынша тікелей жауап береді екен.

«Табиғатта саф таза су болмайды. Онда жануарлар әлемі өмір сүреді. Жапырақ, тас түседі. Бізде су толық тазалаудан өтеді. Ең алдымен қоқыстан тазаланып, сосын ең соңында зарарсыздандырылады. Сондықтан, қаланың ауыз суы ашық бастаулардан келсе де, барлық талаптарға сай тазаланады», - деді «Алматы Су» кәсіпорнының бас директорының орынбасары Нуриддин Жарболов. 

Айта кету керек, Үлкен Алматы көлінде мәнерлеп сырғанаған Ксения Панкартованың видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Бұл бейнероликті 2 апта ішінде 1 миллион адам қараған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі бойжеткеннің биі мен сырғанау мәнеріне таң қалысты. Кейбіреулер бұл видеоны Канада көлдерінде, Сібірдегі Байкалда түсірілген деп топшылаған. Ал қолданушылардың кейбірі бұл видеоны заңға қайшы деп тапты.

«Үлкен Алматы көлі қаланың ауыз су резервуары болып табылады. Бұл қыз қалайша соны таптап, үстінде жүр? Шекара қызметкерлері, қарауылдар қайда? Біз енді осы суды ішеміз бе?», -  деген ашулы пікірлер қалдырды.

Іле Алатау паркінің басшылығы бойжеткенге рұқсат бермеген.

«Негізі, Үлкен Алматы көлінде түсуге тиіс рұқсат етілмейді. Қазір біз құзырлы органдармен бұл әрекетке қандай шара қолдану керектігін сөйлесіп жатырмыз. Туристерге тыйым салынған және рұқсат етілген әрекеттерді түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз»,- деді Ұлттық парк өкілдері.

 

 

Соңғы жаңалықтар