«Қолдау» ақпараттық жүйесі жемқорлық тәуекелдерінің артуына ықпал етеді – Антикор өкілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығындағы субсидиялау мәселесіне арналған «Қолдау» ақпараттық жүйесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың орнына, керісінше, көбеюіне ықпал етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Ардақ Балғожин осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аардақ Балғожиннің айтуынша, департамент ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кешенді талдау жүргізіп, тауар өндірушілерімен көшпелі кездесулер өткізген. Сол кездесулер барысында саладағы кадр тапшылығы, «Қолдау» ақпараттық жүйесінің жетілмегендігі туралы шағымдар көп айтылған.

«Ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша анонимді сауалнама жүргізілді. 985 респонденттің 400-ден астамы субсидия алмайтынын айтып отыр. Яғни сауалнамаға қатысқандардың 47%-дан астамы субсидияға қолы жетпегінін айтқан», - деді департамент өкілі.

Сондай-ақ, ол талдау нәтижелері бойынша бірқатар ұсыныс әзірленгенін айтты.

«Өндірістің негізгі құралдарына инвестициялық салымдарды субсидиялауды және екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды қоспағанда, субсидиялаудың барлық түрлерін алып тастау ұсынылды. Алдын ала қорытындылар көктемгі-күзгі егіс жұмыстарына арзандатылған дизель жеткізетін операторды анықтап, баға белгілейтін нормативтік-құқықтық актінің жоқ екенін көрсетті. Яғни, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Өкінішке қарай, қазір әр аймақта операторды таңдау жергілікті әкімдіктің құзырында. Жеңілдетілген жанармайдың квоталарын Басқарма маманы қабылдайды. Бұл да - сыбайлас жемқорлық тәуекелі.

«Қолдау» ақпараттық жүйесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың орнына, қосымша құжаттарды ұсыну қажеттігін туындатады. Осылайша қызмет көрсетушімен тікелей байланыс пайда болады. Бұл да - тәуекел.

Ақпараттық жүйенің жетілмегендігі бір IP-мекенжайдан бір-біріне ешқандай қатысы жоқ бірнеше түрлі шаруашылықтарға өтініш беретін «көмекшілер» пайда болуына әкеледі. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары өздерінің жұмыс компьютерінен ЭЦҚ пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер атынан субсидиялауға өтінім берген. Кейін дәл сол компьютерден әлгі өтінімдерге мақұлдау берген жағдайлар бар», – деді Ардақ Балғожин.

Департамент басшысының міндетін атқарушы субсидия тағайындау туралы қаулылардың жобаларын уақтылы бекітпеу жиі кездесетінін, бұл шаруалардың субсидия алуын қиындататынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар