Қолданыстағы цифрлық құжаттарды барлық меморган заңды түрде мойындауы тиіс – Үкімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қызметтерді автоматтандыру деңгейі төмен министрліктер мен ұйымдарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, отандық ІТ-саланы дамыту, қазақстандық электрондық өнімдерді әзірлеу бағытында белсенді жұмыс жүргізу және оларды қолдану аясын кеңейту қажет.

Біз инновациялық шешімдерге, оның ішінде халыққа электрондық қызмет көрсету саласына қашан да қолдау көрсететін боламыз», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министр Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау және Қорғаныс министрліктері бойынша кейбір қызметтерді электронды форматта алу мүмкін еместігін айтты.

«Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бойынша қызметтерді автоматтандыру деңгейі төмен. Цифрлық даму министрлігіне аталған мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 айда қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруді тапсырамын», - деді Ә. Смайылов.

Екіншіден, Премьер-Министр цифрлық құжаттардың қолданыс аясын кеңейте отырып, олардың санын арттыру қажеттігін айтты.

«Қолданыстағы цифрлық құжаттарды барлық мемлекеттік орган заңды түрде мойындауы тиіс. Сондай-ақ, оларды әртүрлі ресурстарға орналастыру қауіпсіздігін де ойластыру қажет. Цифрлық даму министрлігіне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2 айда осы мәселені техникалық тұрғыдан іске асыру жоспарын бекітуді тапсырамын. Үшіншіден, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге деректерді үнемі жаңартып тұруды, ақпараттық жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуін және олардың уақтылы интеграциялануын тапсырамын. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттырады», - деді Әлихан Смайылов.

Бұған дейін Үкімет басшысы банк клиенттері үшін алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткеніне барынша назар аударып, клиенттердің деректерін қорғауды күшейтуді тапсырған еді.



Соңғы жаңалықтар