Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының әлеуетін арттыру керек – депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Сауытбек Абдрахманов Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы сессия басталғалы бері Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліске сайланған депутаттар мемлекеттік құрылымдар өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Сондай кездесулердің бірі Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтында болды. Бұл институт 2020 жылы мамыр айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың этносаралық қатынастар саласындағы мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу жөніндегі тапсырмасына орай құрылған. Институт қазірдің өзінде жүйелі, жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Бұған біз этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты талдамалық, зерттемелік және сараптамалық қолдаудың нәтижелерімен нақтылы таныса келіп, көз жеткіздік. Институт ғалымдарының социология мен қақтығыстанудың (конфликтология) қиюласқан тұсында жұмыс істейтіні, өткір мәселерді айналып етпейтіндері, болса екен дегенді болған жай деп боямалап жеткізбейтіндері өте құптарлық. Осы орайда этносаралық ксенофобия проблемалары бойынша зерттеулердің қорытындылары жарияланған, ондай жағдайларды болдырмаудың жолдары ойластырылып, әртүрлі этностық топтардың өкілдері қатысқан кикілжіңдерге талдау жасалған», - деді депутат Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, институт елдің 13 өңіріне 15 рет мониторинг жасауға шығып, этносаяси тәуекелдер картасын түзген, оған сондай қауіп бар деп саналатын елді мекендер кіргізілген. Небәрі 30 адамдық штаты бар шағын ұжымның мамандары өңірлерде қазіргі күрделі эпидемиялық ахуалда далалық зерттеулер жүргізіп келеді.

«Қазақстан қоғамының бірегей көпэтностылығын, бүкіл әлемде әлеуметтік қақтығыстардың, ксенофобияның өршіп тұрғанын ескере келіп, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының әлеуетін арттыра түсу қажет деп санаймыз. Тиісті қамқорлық жасай алсақ, бұл мекеме этностық толеранттылықтың, татулық пен келісімнің қазақстандық моделін көңілдегідей етіп сақтаудың кілтін табатындай тетікке айнала алар еді. Өкінішке қарай, жұмысын жаңа бастап жатқан институт қазірдің өзінде штат құрылымын қысқарту, бюджет шығындарын оңтайландыру сияқты қиындықтармен бетпе-бет келіп үлгерген. Институт қызметіне 2020 жылдың 7 айында 262,8 миллион теңге бөлінген болса, бүкіл 2021 жылға бөлінген ақша 252,1 миллион теңге ғана. Осыған байланысты институт 2020 жылы 19 жобаны жүзеге асырса, 2021 жылға жоспарлаған жоба саны тек 9 болып отыр.

Институттың маңызды зерттеулерді жүзеге асыруымен қатар ұжымдағы қызметкерлер санын 25 пайызға қысқартумен де айналысуға мәжбүр етілгені өкінішті», - деді С. Абдрахманов.

«Этносаясат саласындағы мамандардың жетіспеушілігіне байланысты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының штат санын қысқартпаудың мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Бүгінгі дүниеде жаңа сын-қатерлердің арта түскенін, этносаралық

салада қақтығысшылдықтың (конфликтогенность) көбейіп бара жатқанын ескере келіп, алдағы жылдарда этноаралық зерттеулерге бөлінетін қаржыны қазіргіден молырақ көздеуді ұсынамыз», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар