Қолдан жасалған бренд өнімдеріне шектеуді күшейту: Сенат заңды мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім» заңы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатта қаралған тиісті заң жобасын депутат Қайрат Тастекеев таныстырып, оның маңыздылығына тоқталды.

«Келісімде жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру мен өткізудің анықталған фактілері туралы ақпарат алмасу, өнеркәсіптік меншік саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтау саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар көзделген», - деді Қайрат Тастекеев.

Сондай-ақ ол келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тауарларды дараландыру құралдарын қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі күш-жігерін біріктіруге бағытталғанын атап өтті.

«Заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджет есебінен қосымша қаражатты талап етпейді. Бүгінгі таңда Армения, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекетішілік рәсімдерді жүргізді», - деп түсіндірді сенатор.

Белгілі болғандай, аталған келісім жалған белгілері бар тауарларды өндіру және өткізу фактілерінің алдын алу, анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы шараларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Талқылау нәтижесі бойынша Сенат аталған заңды мақұлдады.


Соңғы жаңалықтар