Қол күресінен 27 дүркін әлем чемпионы Эндрю Родос шардаралық спортшылармен кездесті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қол күресінен 27 дүркін әлем чемпионы, Америка Құрама Штаттарының армрестлинг федерациясының Президенті Эндрю Родос Түркістан облысындағы жас спортшылармен кездесті.

Шардара ауданында өткен кездесуге Малайзия мемлекетінің армрестлинг федерациясының Президенті, халықаралық дәрежедегі төреші Зил Фадли де қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемге «Кобра» деген лақап атпен танымал болған Эндрю Родос пен малайзиялық қонақ Шардара ауданы спортшыларының тыныс-тіршілігімен танысты.

Шетелдік қонақтарды алдымен аудан әкімі Болатбек Қыстауов қабылдап, оларға сый-құрмет жасады. Қонақтарға қазақтың салты бойынша шапан жауып, бағалы сыйлықтар тарту етті. Мұнан кейін қонақтар былтырғы жылы Шардара жерінде ашылған облыстық №4 олимпиада резервіне мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды.

Өңірдегі армрестлинг спортының негізін қалаған танымал спортшы Арман Қарсыбаев қонақтарды өзі басшылық жасайтын облыстық спорт мектебінің жай-күйімен таныстырып шықты. Эндрю Родос пен Зил Фадли «Шардара Армспорт» спорт клубында жаттығатын ұл-қыздар мен жаттықтырушылардың жанкешті еңбектерін, талапқа сай жабдықталған залдар мен спортшылар игілігі үшін жасалынып отырған қыруар тірліктерге әбден риза болды. Ондағы спортшылардың бойынан жалындаған күш-жігерді көрген шетелдік спорт саңлақтары Арман Қарсыбаев бастаған жаттықтырушылардың жұмыстарына жоғары баға берді.

Соңғы жаңалықтар