Қол күрес шебері: Спорт адамды намысқа тәрбиелейді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып жүрген азу тісі балғадай спортшыларымыз жетерлік. Соның бірі армрестлингтен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Орталық Азияның чемпионы, жастар арасында әлем чемпионы Бауыржан Әбүйіров. ҚазАқпарат тілші Спорт күніне орай қол күрестің қыр-сырын жетік меңгерген халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен сұхбаттасып қайтты.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ...

- 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы Құйған ауылында дүние есігін аштым. Осы ауылдағы мектепте білім нәрімен сусындадым. Отбасымызбен қалаға 2006 жылы көшіп келдік.

- Армрестлингке қай жылдан бастап қатыстыңыз? Дәл осы спорт түрін таңдауыңызға не түрткі болды?

- 2005 жылдан бері ауылда айналыса бастадым. Оған бірден-бір себепкер болған мектеп директоры Нұрмұхамет Әлібек еді. Спорттың осы түрімен айналысуымызға көп мүмкіншілік жасады. Талғат Намысхан деген жерлесіміз 2005 жылы армрестлингтен Қазақстан чемпионы атағына ие болып, кейін аудандық жарыс ұйымдастырған болатын. Сол кезде алғашқы жаттықтырушым Болат Жолдиннің демеуімен біздің мектептің намысын қорғауға аттандым. 38 келі салмақта бағымды сынап бірінші орынды иелендім.


Әрине, кез-келген нәрсе қызығушылықтан басталады ғой. Жаңағы айтқан Талғат Намысханның жетістіктеріне қарап бізде сондай белестерді бағындырсақ қой деп армандайтынбыз. Ол әр жарыстан жүлделі орын алып келгенде мектеп болып қарсы алатын едік. Директор және ұстаздарымыз сұқбат ретінде кездесулер ұйымдастырып тұратын. Сол шаралар маған ерекше әсер етті. Менде сондай болсам, чемпион атансам деп қиялдап армрестлинг жайлы қызығып сұрағанымда осы кісілер үйретіп, бағыт бағдар берді. Ары қарай өз ынтаммен еңбектеніп, дайындала бастадым.

- 2008 жылы Канаданың Ванкувер қаласында болған әлем чемпионатында бірінші орын алып әнұранымызды шырқатып, көк туымызды желбіреттіңіз. 2010 жылы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен жарыста қола жүлдені иелендіңіз. Айта берсек алған асуларыңыз аз емес. Осындай биік шыңдарға шыққанда қандай сезімде болдыңыз?

- Спорт адамды намысқа, ұлтшылдыққа тәрбиелейді. Топырағында асыр сап ойнаған туған жердің шекарасынан өтіп шетелге барғаннан кейін «пәлен жерде алтын бар, өз жеріңдей қайда бар» дегендей бірден туған мекеніңді сағынады екенсің. Қолыңнан келген спорт түрімен айналысып тәуелсіздігін алғанына көп болмаған, аяғынан енді ғана тұрып келе жатқан Қазақстанымыздың абыройын асқақтатып, көк туымызды көтеру өте үлкен мақтаныш. Әрине, ерекше бір сезімде болады екенсің. Қалай айтсамда сол кездегі жүрек тебіренісін сөзбен жеткізе алмайтын сияқтымын. Жарыс алдында бірінші орын алатыныма сенімім мол еді. Өйткені дайындығым да соған сәйкес болатын. Тәжірибесі өте жоғары, бірнеше әлем чемпионын дайындаған жаттықтырушым Сатыбалды Қыдырханұлының әр өткен жарыстарға жасаған сараптамасы бойынша кем дегенде үштікке кіреміз деген жоспар болды. Сөйтіп 55 келі салмақта барымды салып, ешкімге дес бермей бірінші орынды иелендім.


- Дайындық барысында немесе жарыс алдында қандай да бір қиындықтарға тап болған кездер кездесті ме?

- «Ерте тұрғанның бір ісі артық» дейді ғой, ең алдымен таңертең ерте оянып жаттығуға бару қажет. Ұйқыны қиып тұрудың өзі бір еңбек қой. Сосын 2-3 сағат жаттығу жасап дайындаласың. Сол жаттығулардың қиыншылықтары бір бөлек. Басты мәселе демеушілік көмектің аздығында. Жарысқа сақадай сай дайындалып тұрған адамға мемлекет тарапынан ақша бөлінбей қалған кездер де болды. Маған Тарбағатай ауданының әкімдігі демеушілік жасап талай мүмкіндіктердің есігін ашты. Оларға алғыс айтамын. Қандай қиындық болса да сабырлық танытып, төзімді болуға белімді бекем будым. Жаттықтырушымның демеуі, маған артқан сенімі үлкен әсерін тигізді.

- Әр жарыс алдындағы жүрек дүрсілін, көңіл уайымын қалай басасыз?

- Бұл сұраққа әркім әр-түрлі жауап беруі мүмкін. Бойыңдағы қобалжуды дер кезінде басу адамның рухына байланысты деп ойлаймын. Біз қазақ кезінде жауынгер болған халықпыз. Қазір енді қолға найза алып жауға шабатын кез емес қой. Әркім әр түрлі жолда, әр түрлі салада өз мүмкіндігін дәлелдәп, өзге жұртқа қазақ деген елді танытып жүр. Мен спорт арқылы еліміздің абыройын көтеруге тырысамын. Шынында да жарыс алдында уайым болады. Біреу психолог мамандарға барады, енді бірі үлкен спортшылардан ақыл-кеңес сұрайды. Өз басым Қобыланды батыр жыры мен Махамбеттің өлеңдерін оқып ерік-жігерімді қайраймын. Жарыста біреуді жеңбес бұрын алдымен өзіңді жеңуің қажет.

- Болашақта өзіңіз тағы да үлкен жарыстарға барып бағыңызды сынайсыз ба?

- Әрине, осы жеткен жетістіктеріммен тоқтап қалғым келмейді. Бірақ, өкінішке қарай спорт болғаннан кейін оның жарақаты болады. Жаттығу барысында абайсызда жарақат алып қалып, бірнеше жыл емделдім. Қазір Өскемен қаласындағы №45 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Құдай қаласа алда әлі Қазақстанның намысын талай мәрте қорғаймын деп сенемін.

- Бүгін - Спорт күні. Жалпы осы мерекенің маңыздылығы қандай?

- Бұл мерекені тек спортшылар емес, бұқара халық болып атап өткен жөн. Себебі осының арқасында спортты насихаттап, жұртты салауатты өмір салтына шақырамыз. Адам спортпен айналысу арқылы денсаулығын жақсартып, ауру-сырқаттан ада болады. Ал азаматтардың дені сау болса мемлекеттің де болашағы жарқын болары анық.


Соңғы жаңалықтар