Көкжиденің мұнайынан гөрі суы маңызды – Оразалин

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбедегі Көкжиде кен орнындағы мұнай өндіру жұмыстарын тоқтатып, таза ауыз суды сақтау қажет. Мәселе қазір де өзекті. Бұл туралы облыс әкімі БАҚ өкілдері қойған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы аумағы орналасқан Көкжиде кен орнындағы су қоры ондаған жылға жетеді. Алайда қазір мұнда ауыз су емес, мұнай өндіріліп жатыр.

«Бұл - стратегиялық маңызды су қоры бар аумақ. Мұнай әлде су ма? Су маңыздырақ деген тұжырым жасалды. Өзіміз әлемде экологиялық ахуал күрделене түскенін көріп отырмыз. Біздің өңір де соның бір бөлмегі. Былтырғы қуаңшылықты естен шығармау керек. Сондықтан Көкжидедегі су бізге ғана емес, біздің болашақ ұрпағымыз үшін де маңызды екенін білеміз. Оны сақтау біздің басты міндетіміз», - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Оның айтуынша, Шалқар көлі, Ақтөбе қаласындағы ауаның ластануы, Кәріз-сорғылау стансасының жұмысымен қатар Ақтөбеде Көкжиде кен орнының мәселесі қозғалып, тіпті Мемлекет басшысына жеткізілді. 2020 жылдан бастап ҚР Экология министрлігімен бірге зерделеу жұмысы жоспарланды.

«Су қоры бар ма? Су ластанбаған ба? Осы екі сұрақ қаралды. Былтыр осы жұмыс толық аяқталды. Су қоры жеткілікті. Су айтарлықтай ластанбаған. Бірақ Көкжидеден мұнай өндіруді тоқтату керек. Онда «ҚазМұнайГазға» тиесілі компания, «Ада Ойл» ЖШС-і, «КМК Мұнай» АҚ-ы бар. Кен игерушілермен арадағы келіссөзді Энергетика министрлігі жүргізеді. Оларға өзге кен орны ұсынылуы да мүмкін. Бізде басқа жол жоқ. Су бізге ғана емес, көрші облыстарға да жетеді», - деді Оңдасын Оразалин.


Соңғы жаңалықтар