«Көкжайлау» шатқалын Іле Алатауы ұлттық паркіне қайтару мәселесі қаралуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология министрлігі «Көкжайлау» шатқалын Іле Алатауы ұлттық паркінің құрамына қайтару мəселесін пысықтауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Көкжайлауды» ұлттық парк құрамына қайтару қолданыстағы заңнамаға сəйкес жүзеге асырылады.

«Қазіргі уақытта Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі «Көкжайлау« шатқалын ұлттық парк құрамына қайтару мəселесін пысықтауда. Шатқалды ұлттық парк құрамына қайтару қолданыстағы заңнамаға сəйкес, ұлттық парктің аумағын кеңейту болып табылады. Шешім оң экологиялық сараптама тұжырымдамасын алған табиғи-ғылыми жəне техникалық-экономикалық негіздеме бойынша қабылданады», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 2014 жылы Үкіметтің қаулысымен жалпы аумағы 1002 гектар Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жері айрықша қорғалатын табиғи аумақ санатынан Алматы қаласының Медеу ауданының қоры санатына «Көкжайлау» тау шаңғысы курортының құрылысы мен жұмыс істеуі үшін берілген болатын.
2019 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықтың пікірін ескере келіп, «Көкжайлау» шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасына тыйым салған еді.
Парламент Мəжілісі депутаттары заңнамаға айрықша қорғаудағы табиғи аумақтарды туризм нысандары құрылысы үшін пайдалануға беру мүмкіндігін жоюға қатысты түзетулер енгізу туралы бастама көтерген.
Бұл түзетулер 2019 жылғы 28 қазанда №268-VI «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркəсіптік кешенді реттеу туралы» ҚРЗ арқылы қабылданған болатын.


Соңғы жаңалықтар