Қоқыс жәшігі бала тастайтын «бесік» емес - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

Қоқыс жәшігі «бесік» емес! - «Атырау» газеті
null

Қазіргі қоғамда орын алып жатқан тосын жайттардың бірі - тастанды бала тақырыбы. «Атырау» газеті осы мәселені арқау еткен мақаланы түрлі тағдырға тиесілі төрт оқиғадан бастайды.

Төрт оқиға - қоқысқа тасталған сәбилер туралы. Мақала авторы баланы тастанды ету оқиғаларын алға тарта отырып, «қағынан жерінудің себебі не?» деген сауалға жауап іздейді. «Осы мәселеге келген кезде психологтар әдетте депрессия, стресс сөздерін алға тартып жатады. Айтуларынша, туа сала сәбиінен құтылуға асығатындар қылмыс істеп жатқан кезде өз іс-әрекеттеріне жауап беретін жағдайда болмайды екен. Рас та болар. Бірақ, қылмыстың барлығын депрессиямен ақтай беретін болсақ, адамшылығымыз қайда қалады?».

Мақалада арнайы мамандардың пікірі келтіріліп, онда негізінен отбасы тәрбиесіне назар аудару қажеттігі айтылған екен. Бұл ретте мақала авторы қыз балаға қатысты тыйымды, сыйластықты «қоғамға қайтару» керектігін алға тартады. Қазақтың ұлттық педагогикасын қайта жаңғырту туралы сөз қозғайды. Ал баласын қоқысқа тастайтындарға қатысты жаза да соған лайықты болуы керек.

«Бір өкініштісі, туа сала сәбиін өлтірген әйелдерге кесілетін жаза сол баяғы өзгеріссіз күйінде келеді. ҚР Қылмыстық кодексіне қанша өзгеріс енгізілсе де, қағынан жерініп, нәрестесін өлімге қиғандар небәрі төрт жылға ғана бас бостандығынан айырылады екен. Қалай десек те, өмірге келмей жатып «жетім» атын жамылған бейкүнә сәбилеріміз қоқыс жәшігінде көз жұмып, дене мүшелері ит пен құсқа жем болып, нәрестенің сүйегі далада шашылып жатпауы тиіс...».

Түлектердің қоштасу кешіне тыйым салынады - «Шымкент келбеті» газеті
null
Шымкентте 25 мамырда өтетін мектеп бітірушілердің «Соңғы қоңырау» күніне орай құқық қорғау органдарының қызметкерлері ерекше тәртіппен жұмыс істейтін болыпты. Қалалық әкімдікте оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылардың соңғы қоңырауға дайындығы пысықталып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

«Жылда 25 мамырдан кейін оқушылар қымбат көліктер жалдап, кафе-тойханаларда, тіпті қала сыртындағы саяжайларда «мерекені» атап өтуі дәстүрге айналып кеткені жасырын емес. Мұның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жататынын ескерген жауапты мамандар биыл кемшіліктерді болдырмау мақсатында барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Бұл ретте Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығы мектеп басшыларына оқушылардың автокөлік шерулерін ұйымдастырып, мектептен тыс орындарда кеш жасауына жол бермеу мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырып, ата-аналармен тығыз жұмыс істеп, түсіндіру шараларын жүргізу қажеттігін атап өткен».

Газеттің жазуынша, сонымен қатар мектеп директорларына 1,4,9 және 11 сынып оқушыларының басшылыққа, сынып жетекшісіне бағалы сыйлық жасауына тыйым салу жүктелді. Мектептердің ағымдағы жөндеу жұмыстарына ата-аналардан ақша жинауға да жол берілмейді. Бұның бәрі құқық қорғау органдары тарапынан қатаң бақыланады екен.

Ешкімді мойындамайтын Ресей Алаштың Ақболатын төрге шығарды - «Оңтүстік Қазақстан» газеті
null
Ресейдегі ең көне жоғары оқу орындарының бірі, 1832 жылы император Бірінші Николайдың жарлығымен азаматтық инженерлер училищесі болып құрылған, 1877 жылы институт мәртебесін иеленген Санкт-Петербург мемлекеттік сәулет-құрылыс университетінің ғылыми кеңесі университеттің «Құрметті докторы» атағын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Ақболат Райымбекұлы Ахметовке беріпті. Қандай еңбегі үшін? Газеттің жазуынша, ондай атақ бүгінге дейін 15 ғалымға ғана берілген екен. Ақболат Райымбековке бұл атақты беру туралы кеңестің 59 мүшесі бірауыздан дауыс беріпті. Бұл ғана емес Ресейдің Инженерлік академиясының президиумы да ғылым, техника және өнеркәсіп, құрылыс заттары, құрылғылар мен құрылыс индустриясы өндірісін ұйымдастыру саласы бойынша әлемде ең жоғары мәртебеге ие А.И.Гришманов атындағы халықаралық сыйлығына лайық деп 1500 үміткердің арасынан Ақболат Ахметовты таныпты! Бұның сыры неде? «Оңтүстік Қазақстан» газеті осы мәселеге үңіледі.

Жазуынша, Ахметовтің ұзақ жылдардағы еңбегінің қомақты жемісі - 2008 жылы басылып шыққан, университетте бакалаврлар, магистранттар мен PhD докторларын даярлау үшін оқулық (электронды нұсқасы) ретінде ұсынылған «Ұялы бетон» деп аталатын оқулығы. Аталған оқулық оқытушылар мен студенттердің арасында ең үлкен сұранысқа ие оқу құралы екен.

«Мен бұл кітабымды тек Мәскеудегі НИИЖБ-ның кітапханасына бергенмін. Қанша дегенмен білім алған, ғылыми атақ қорғаған институтым ғой! Петербургтіктер болса кітабым жайлы мәліметтерді өздері тауып алыпты. Оқыған, ұнатқан. Содан маған шыққан ғой. «Электронды нұсқаңызды жібересіз бе?» Жібердім. Ал, өткен күзде «Келіп қайтсаңыз, біз сізге «Құрметті доктор» деген атақ бердік» деп қоңырау соғып тұр. Сөйтсем, олар оқытушылар мен студенттер арасында сапалы оқулықтар бойынша байқау өткізіпті. Сонда менің кітабым 1-орынды жеңіп алған ғой!».

Айта кетерлігі, осы «Ұялы бетон» оқулығын бүкіл еуропалық елдердің университеттері қолданады екен. Кітапта батыстағы немістік, шығыстағы қытайлық озық технологиялы зауыттардың техникалық-экономикалық сипаттамалары толық берілген. Құрылыс материалдары өндірісінің заманауи технологиясы егжей-тегжейлі айтылған. Ең бастысы - бетондық құрылғылардың беріктігі мен бетоннан салынған ғимараттардың ұзаққа жарамдылығын анықтау әдістемесі берілген. Ал, оқулық, оның ішінде тартымды, құнды оқулық жазу көп ғалымның маңдайына бұйырмаған бақыт.

«Олар маған кезінде үй береміз, көшіп кел деді. Институт директоры Эскуссон, бойдақ кезімде мені өзі үйлендірмек те болды... Ал, біздің отбасы менің бала күнімде Шымкентке көшіп келдік-тағы, осы қалаға ғашық болып қалдым ғой. Ешқайда кеткім келмейді, Алматыға да, Астанаға да. Мәскеуге, Ленинградқа, Киевке, Таллинге шақырды... Солтүстіктегі шведтер тұрғын-үй құрылыс мәселесін осы ұялы бетонның арқасында шешкен болатын. Біздің кәсіпкерлер зауытты шетелден сатып алады, бірақ, жұмыс істегенде олардың талаптарын орындамайды»,- дейді ғалым.

Мақала барысында ғалым қазіргі қазақ құрылысының кем-кетігін ашып айтып, біраз шалалықты да сынайды. Мысалы, оның айтуынша, қазір Қазақстандағы өндірісте компьютерлік технологияны қалай қолдануды да білмейді.

«Мен Астанадағы бетон шығаратын зауытта болдым, олар технологияны білмегендіктен жылына 200 млн. теңгеге дейін шығын көреді екен. Зауыттың техникалық бөлімінде бір қандасымыз жоқ. Сауатсыздық, техникалық сауатсыздық жақсы нәрсе емес. Біз қандай қазба байлықтардың үстінде отырмыз, соларды игеретін «сен тұр, мен атайын!» дейтін ұлттық кадрларымыз болуы тиіс емес пе?! Ал, ақаулы зат шығарып, кейін салған үйлері, көпірлері құлап жататын мамандар мен басшыларға біздің дәуірімізге дейінгі 1793-1750 жылдары өмір сүрген Вавилон патшасы Хаммурапидің «егер құрылысшы салған үй құлап, адам өмірін құрбан ететін болса, онда сол құрылысшы өлтірілуі тиіс» деген заңын қолданса ғой деген ойға еріксіз келесің», -дейді ғалым.

Батырдың көшесі батпақтан көз ашпай тұр - «Дидар» газеті
null
Шығыс Қазақстан облысының «Дидар» газетінің редакциясына биыл 100 жылдығы тойланып жатқан Қасым Қайсеновтің атындағы кенттің Қасым Қайсенов атындағы көшеде тұратын тұрғындары хабарласыпты. Оқырман «Батырдың көшесінде батпаққа батып жатырмыз», - деп шағым айтқан. Газет тілшісі 100 жылға толып отырған батырдың атындағы ауылдың батыр атындағы көшесіне барып, мәселені көзімен көріп қайтқан екен.

«Халық қаһарманының атындағы көшеден құй батпаққа белшеден батқан адам немесе қайраңдап қалған көлік кездесе қоймады. Дегенмен миы шығып жатқан сары балшық пен саңырауқұлақтай сопайып қалған құдық қақпақтары көшеге жуықта су құбыры тартылғанын айғақтап тұр. Расымен де, былтыр күзде бұл көшеге көптен күткен су құбыры тартылыпты. Соның «жемісін» тұрғындар енді көріп отыр» деп жазады тілші.

Тұрғындарды сөйлетіп, арыз-мұңдарын айтқызған журналист жұртшылықтың сауалын әкімдікке де жеткізіпті. Әкімдік мекемеге, мекеме мердігерге сілтеп, ақыры басшылар арасындағы сөз қайшылығына тап болады.

«Ұлы батырдың 100 жылдығы биыл облыста жыл бойы тойланатынын ескерсек, Қ.Қайсенов кентіне әлі талай мәртебелі меймандар келері сөзсіз. Солардың бірі қаһарманның атындағы көшені іздей қалса қайтпекпіз?..»

Қайда, неге кетеді? - «Қостанай таңы» газеті
null
«Қостанай таңында» жарық көрген мақала ұлттық демографияға қатысты. Мақала бала туу көрсеткіштерінен басталады. Жазуынша, 1925-2000 жылдар аралығында ТМД көлеміндегі бала туу коэфициенті 6,8-ден 1,21-ге кеміпті. Яғни, осы кездері Кеңес үкіметін мекендеген әр әйелге 1,21 баладан бұйырған екен. Жағдай жақсарғалы бала туу көрсеткіші 1,75-ке көтеріліп, халықтың табиғи өсімі он жылдан бері 42,5 % жоғарылаған. Әйтсе де қазаққа бұл әлі де мардымсыз.

Мақала авторы соңғы кездегі Ресейдің де демографиялық ахуалын талдай келе, теріскейдегі көршінің осы бағыттағы шараларына тоқталады. Тууды ынталандыру үшін жасалып жатқан бағдарламаларға көз жүгіртеді. Ресейдің іргелес мемлекеттердегі жастарды өзіне тартып жатқан саясатын ашық көрсетеді. Соның бірі жоғары оқу орындарының гранттары. Автор жастардың білімге құштарлығына сүйсіне отырып, алайда олардың өз Отанында емес, өзге елдерде тәрбиеленетініне (басым бөлігінің болашақта сол елдің сойылын соғатынына) назар аударады.

«Мәселен, Қостанайдағы Горький атындағы, Физика-математикалық бағыттағы мемлекеттік тілді емес лицейлердің түлектерінің дені ҰБТ-ға мән бермейді. Неге десеңіз, мұндағы оқушылардың басым бөлігі өз бақтарын көрші елдің жоғарғы оқу ордаларында сынап көрмек. Естуімізше, көрші елге бейімделіп жүрген кейбір жастарымыз Қазақстан тарихы, Қазақ тілі пәндеріне де мұрын шүйіре қарайтын көрінеді. Мұның есесіне, (болашақта қажет болуы ықтимал) Ресей, Дүниежүзі тарихы, орыс және шет елдер әдебиетін барынша меңгеруге тырысады. Қажет десеңіз, қатты ынталыларды Ресейдің жоғары оқу ордаларына даярлайтын арнайы орталықтар да бар. Ғаламтордан іздей қалсаңыз, бір ғана Қостанайдан орыс оқуларына даярлайтын орталықтардың оннан астамы тізіліп шыға келеді. Тегін білім іздеп кеткен жастарымыздың болашақта Қазақстанға қайта оралып, еліміздің көсегесін көгертеріне өз басым сене алмаймын»,- деп жазады автор.

Мақалада Ресей ғана емес, көптеген елдер тегін білімін жарнамалап, жастарды өздеріне тартып жатқаны сөз етіледі. «Ақылдылар ағынын» қайтсек тоқтатамыз?» деген сауал тастап, елімізге де осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін айтады. «Озық технологияны дамыту, адам капиталын жақсарту бағытына жұмсалар қаржы көлемін тым құрығанда, Ресей Федерациясының деңгейіне жеткізу керек. Сонда ғана, көрші елдердің тегін білімін ешбір жас керек қылмас еді».

Компьютер демалсын - «Сыр бойы» газеті
null
Қызылордада «Жастар таңдайды» жобасы аясында «Компьютер демалсын» атты пікір сайыс ұйымдастырылыпты. Мақсаты - кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы сонымен бірге интернет желісінің пайдасы мен зияны жайлы пікір алмасып, оқу - білімге шақыру. Жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітаппен дос болған адамның ойы терең, тілі бай, таным көкжиегі кең болатынын ұғындыру екен.

«Білім қазынасының қайнар көзі - кітап. Кітаппен дос болған адамның ойы терең, тілі бай, таным көкжиегі кең болатыны анық. Жаңа технологиялар заманында да кітап адамның ішкі жан дүниесіне, ой өрісіне ықпал етіп мұқтаждығын қанағаттандыратын бірден бір рухани азығы болып қала бермек»,- деп жазады газет.

Соңғы жаңалықтар