Қоқыс үйінділерін уақтылы жоймаған 86 лауазымды тұлға 7 млн теңге айыппұл арқалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Заңсыз қоқыс тасталған жерлерді жою жұмыстарын тиісінше атқармаған 86 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша нашар жұмыс істегені үшін экология департаменттері 86 лауазымды тұлғаны (әкімдер мен әкімдер орынбасарлары) әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жауаптыларға жалпы сомасы 7 млн теңгеден астам айыппұл салынды», - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Сондай-ақ, министрліктің мәліметінше, өңірлердегі экология департаменттері ішкі істер министрлігі және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп 2-3 шілде күндері заңсыз қоқыс тастауға қатысты рейд жүргізген.

«Өндіріс қалдықтарына қатысты халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, қоршаған ортаға ұқыппен қарау туралы жаднамалар таратылды», - деп хабарлайды Экология министрлігі.

Осы орайда, аталған ведомство заңсыз қоқыс тастауға қатысты WasteEdit және wasteviewer мобильді қосымшасының жұмыс істейтінін жеткізеді.

Толық ақпаратты «Қазақстан Ғарыш Сапары» сервистерінен https://waste.gharysh.kz сілтемесі арқылы, геосервистен http://oko.gharysh.kz сілтемесі арқылы және «Oko KZ» мобильді қосымшасында көруге болады.

Фото: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі


Соңғы жаңалықтар