Көктемнің алғашқы күні қазақстандықтар бір-біріне алғыс жаудырып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 наурыз - Алғыс айту күні қазақстандықтар бір-біріне алғыс айтып, әлеуметтік желіде #rahmetday хештегімен жазба, видео таратып жатыр. Тыңнан басталған акцияға еліміздегі белгілі азаматтар, әншілер мен вайнерлер үн қосуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғыс айту күні қазақстандықтар арасында зор қолдауға ие болып келе жатқанын аңғаруға болады. Халықты жақындата түскен мерекеде әлеуметтік желіде #rahmetday акциясы басталып кетті. Ата-анасына, туыстары мен достарына алғыс жаудырған жұрттың бәрі әлеуметтік желіде, әсіресе Инстаграмда бір-біріне эстафета жолдап, өз видеоларын #rahmetday хештегімен таратуда.

#rahmetday хештегімен Инстаграмға кірсеңіз, Алғыс айту күніне біршама танымал адамдардың үн қосқанын байқауға болады. Өзгеше сипатқа ие болып келе жатқан мерейлі күнге байланысты саясаттанушы Саясат Нұрбек, актер, шоумен Марат Оралғазин, танымал вайнерлерден Қуат Садықов, Анар Батырхан қатарлы азаматтар өз жақындарына алғыс айтып жатыр.

Айта кетсек, Қазақстан халқы бүгін тарихында төртінші рет Алғыс айту күнін атап өтіп отыр. 2016 жылдың 14 қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жарлыққа қол қойып, оған сәйкес 1 наурыз - елімізде Алғыс айту күні деп жарияланған еді.

Соңғы жаңалықтар