Көктемгі тасқын: ШҚО-да 1400 үйдің су астында қалу себебі аталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына дайындық кезінде «Азаматтық қорғаныс туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтау мәселесі қаралды. Прокуратура қызметкерлері су тасқыны ахуалын, талдау қорытындылары мен төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.  Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасына сілтеме  жасап хабарлайды.

Еске салайық, осы жылдың көктемінде Глубокое, Шемонайха, Зырян аудандарында, сондай-ақ Семей және Өскемен қалаларында 1400 тұрғын үйді су басып, 3 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген прокурорлар төтенше жағдайға ықпал еткен бірқатар себептерді анықтады.

«Ең алдымен, қалыптасқан қолайсыз ауа райын есептемегенде, жауапты тұлғалардың өз лауазымдық міндеттерін лайықты орындамауы және немқұрайлық танытуы басты себеп болды.  Жердің үстіңгі қабатындағы еріген суды қорғаныс құру арқылы ағызу, өзен арнасын, су ағызатын құбырларды, арықтарды, су сіңіретін жүйелерді  тазалау жұмыстары жүргізілмей, арнайы техникалар алдын ала дайындалмаған. Еріген қар мен жаңбыр суын ағызу жүйелері мүлде жоқ немесе бұзылған. Елді мекендердің маңында еріген қардың суын ағызу жұмыстары  жүргізілмеген», - делінген облыс прокуратурасы таратқан хабарламада. 

Атап өтілгендей, Ертіс бассейні инспекциясы Шүлбі гидро-электр стансысы негізсіз 1800 текше метр су ағызып жіберген. Салдарынан  290 тұрғын үйді және 437 саяжайды су басып, «Қазақстан су жолдары» РМК-нің мүлкі зақымданды. Қазір осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

«Сондай-ақ отырыс барысында су тасқынын алдын алу шаралары және азаматтық қорғаныс органдарының материалдық-техникалық жабдықталуы да нашар екені айтылды.  Мысалы, су тасқыны кезінде 85 мотопомпа барлық аймақтарға жетпеген,  орташа алғанда 4 қала және 15 ауданға судың орасан көлемін ағызатын 2-3 жабдық  қана бөлінген. Су тасқынының тағы да бір факторы - үй құрылысы кезінде жергілікті гидрология жағдайының ерекшеліктерін, су қорғау белдіктері мен аумақтарының ескерілмеуі, сондай-ақ халықтың өз үйлерінің және ауласындағы учаскелердің жағдайына жауапсыздықпен қарауы», - деп атап өтті прокуратурадан.

Жиын соңында  жауапты органдарға табиғи сипаттағы барлық апаттардың алдын алу және оларды болдырмау бойынша әрекеттердің тәртібін реттейтін тиісті құқықтық актілерді әзірлеу шараларын қабылдау ұсынылды.

  

Соңғы жаңалықтар