Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Оразақ ауылында бүгінгі күнге дейін барлығы 196 отбасы пәтерлі болды (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Целиноград ауданының Оразақ ауылында бүгінгі күнге дейін барлығы 196 отбасы пәтерлі болды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Сергей Кулагиннің өңірге сапары барысында айтылды.

Аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің айтуынша, қазіргі кезде, табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүргізілуде.

«Бұл осы ауылда табиғат апатынан баспанасыз қалғандарға салынып жатқан екі пәтерлі 100 үйдің 98-і. Қазіргі кезде дайын болған үйлерге тұрғындарды қоныстандырып жатырмыз. Қалған үйлердің құрылысын жақын күндері аяқтап, бітуге қалған екі үйдің құрылысы да қызу жүргізілуде», - деді аудан әкімі. Еске сала кетсек, биылғы жылғы көктемгі су тасқынынан Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенді су шайып кетіп, халықты біраз әбігерге салғаны белгілі. Соның ішінде Целиноград ауданы ең көп зардап шекті. Аудан бойынша барлығы 300-ге жуық баспана жарамсыз болып қалса, оның 200 - ден астамы Оразақ ауылындағы үйлер. Осы күні зардап шеккен тұрғындарға екі пәтерлі 100 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынып, барлығы 196 отбасына пәтер беріліп отыр. Сондай-ақ, осы ауылдағы 27 үй жөнделсе, қалған тағы 27 отбасына Ақмол аулында салынып жатқан 45 тұрғын үйден пәтер беру көзделген. Қазіргі кезде, бұл үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Осы орайда, өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Сергей Кулагин аудан басшылығына аудан орталығынан берілетін үйге көшірілетін тұрғындардың тізімін бірер күн ішінде анықтауды тапсырды. Бұл жерде басымдық ауылдық жерлерде тұруы қиын жалғыз басты ҰОС-ның ардагерлері, мүгедектер пен зейнеткерлерге берілмек.

Соңғы жаңалықтар