Көктемгі су тасқыны, тариф және су қоймаларының мүшкіл жағдайы: Министрлік мәселені қалай шешпек

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде су тарифі өсуі мүмкін, оған не себеп? Сол сияқты биыл көктемгі су тасқынының алдын алуға арналған шаралар ерте басталды. Одан бөлек, Қазақстандағы су қоймалардың қолдану мерзімі әлдеқашан өтіп кетіпті. Осы және өзге де су саласына қатысты мәселелер Экология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті ұйымдастырған баспасөз мәслихатында көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпан айында ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Сайыровтың мәлімдеуінше, елімізде қыс соңына дейін нөлден төмен температура сақталады. Сондықтан қар аяқ астынан еріп кетеді деуге болмайды.

Дегенмен қысқы жауын-шашынның сәуірге дейін жалғасатынын ескере отырып, күн райына қатысты өзгерістер болуы мүмкін.

«Әзірге екі өңірде жауын-шашын нормадан төмен, дегенмен қыс әлі алда. Сәуірге дейін екі ай бар, сондықтан өзгерістер болуы мүмкін», - деді С. Сайыров аталған мекемеде өткен брифингіде.

Мамандардың болжамынша, қазір салыстырмалы түрде Қарағанды, Ақмола, СҚО, Қостанай және Ақтөбе облыстарында ылғал қоры жоғары. Ал БҚО, Атырау облысында керісінше төмен.

«Алдын ала болжам бойынша ақпанда еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын. Оңтүстік өңірлерде нормадан 1 градус жоғары. Ақпан айында жауын-шашын республиканың басым бөлігінде қалыпты нормаға жуық. Атап айтқанда, Атырау, Маңғыстау, БҚО, Ақтөбе және Қостанай облыстарында жауын-шашын мөлшері нормада аз болады деп күтілуде. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу жауын нормадан асып түседі деп болжануда»,- деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Досбол Бекмағамбетов «Қазгидромет» мекемесінде өткен баспасөз мәслихатында.

Биыл көктемгі су тасқыны қаупі

Экология министрлігінің өкілі Досбол Бекмағамбетовтің айтуынша, биыл су тасқыны қаупін болжау және алдын алу шарасы жылдағыдан ерте басталды.

Аталған мәселе министрліктің ерекше бақылауында.

Спикер келтірген дерекке сәйкес, еліміз бойынша төтенше жағдайға 1403 бірлік автокөлік және арнайы техника, 50 000 тонна инертті материал, 38 200 құм салынған қап дайындалды.

Сонымен қатар су комитетінің уақытша басшысы су тасқыны қаупі Қызылорда, Маңғыстау облысында төмен, Ұлытау және Павлодар облысында орташа, ал қалған өңірлерде қауіп жоғары деген мәліметті келтірді.

«Су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында біздің министрлік Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп су шаруашылығы жағдайы мен гидротехникалық құрылымдардың жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізілуде. Қауіпсіздікті қамту мақсатында кезекшілік кестесі бекітіліп, су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар барлық гидротехникалық құрылымда су тасқынының алдын алу іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Объектілерді тексеру актілері мен дайындық паспорттары, сондай-ақ төтенше жағдай туындау қаупі бар объектілерінің тізімі жасақталды»,- деді Досбол Бекмағамбетов баспасөз мәслихатында.

БАҚ өкілдерінің көктемгі су тасқыны қаупіне қатысты нақтылау сауалына «Құдай қаласа бәрі жақсы болады»,-деп қысқа қайырды спикер.

Еліміздегі су қоймаларының бүгінгі хал-ахуалы

Белгілі болғандай, Қазақстандағы су қоймаларының қолдану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Заң бойынша 25 жылға берілсе, пайдалануға берілгеніне 70 жылдан асқан су қоймалары бар болып шықты.

«Жалпы су қоймалары 25 жылға дейін пайдаланылады, бірақ, еліміздегі су қоймаларына 25 жылдан асып кеткен. Олардың арасында 50-70 жыл бойы қолданылып келе жатқан қоймалар бар. Дегенмен жыл сайын бассейн инспекциясы, Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су қоймаларының жағдайы тексеріледі. Қауіп, күмән туындаған жағдайда арнайы сертификаты бар мекемені тартып, істің мән-жайы анықталады, олар бізге қорытынды береді»,- деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Досбол Бекмағамбетов «Қазгидромет» мекемесінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, еліміздегі 30 су қоймасы жаңартуды талап етеді. Ірі су қоймалардың орташа толымдылығы 60-75% құрайды және қосымша су қорын қабылдауға орын жеткілікті.

Одан бөлек, шара барысында елорда іргесіндегі Астана су қоймасына су қорын жеткізу мәселесі көтерілді.

«Астана су қоймасы бойынша бүгінде уайымдайтындай еш мәселе жоқ. Қоймадағы су қоры нормаға жуық, 300 млн текше су бар. Жыл сайын елорда жұртын сумен қамту үшін 95 млн текше су қажет. Алдағы уақытта су тапшылығы мәселесі туындайды. Өйткені, қала халқы жыл санап өсіп келеді. Осы орайда Астана су қоймасында қосымша су қорын реттеу үшін біздің министрлік екі жобаны жүзеге асырып жатыр. Ол бойынша Ертіс бассейнінен Есіл өзеніне қосымша су қоры жеткізіледі»,- деген жауап қатты министрлік өкілі.

Су тарифі қымбаттауы мүмкін

Бүгінде Экология министрлігі су тарифін қайта қарауға қатысты құзырлы органдардың қарауына ұсыныстар әзірлеп жатыр.

«Бүгінде республикаға қарасты 3440 су каналы жүйелері бар. Шаруаларға су сол жүйелер арқылы жеткізіледі. Су каналы жүйелері кезінде коммуналдық меншікте болып, көбі қазіргі су тарифіне кірмеген. Яғни қазіргі тариф бойынша оларды күтіп ұстауға қаржы қарастырылмаған. Осы орайда биыл біз мемлекеттік құзырлы органдарға өз ұсынысымызды жолдаймыз. Келесі жылы әділетті су тарифі бекітіледі деп ойлаймыз»,- деді «Қазсуашар» РМК бас директорының пайдалану және автоматизация жөніндегі орынбасары Ербол Салихбаев БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Сондай-ақ, спикер су саласы мамандарының жалақысын көтеру мәселесін қозғады. Оның айтуынша, аталған сала қызметшілерінің орташа жалақысы 90 мың теңгеден аспайды.

«Су саласы қызметкерлері - еліміздегі ең төмен жалақы алатындардың бірі. Сондықтан да проблеманы тариф арқылы шешпесек, басқа жолы жоқ. Мемлекеттен қаржы алмаймыз, қанша көлемде су жеткіземіз, соны ақысын шаруалардан жинап аламыз»,- дейді ол.


Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар