Көктемгі егістік жұмыстары кешеуілдеп жатыр- АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының салқын болуына және топырақтың кеш қызуына байланысты көктемгі егістік жұмыстарының қарқыны биыл біршама төмен. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы жалпы егістік алқабы 21,8 млн гектарды құрамақ. Бұл іс жүзінде өткен жылғы деңгейде. Дәнді-дақылдарды 14,7 млн гектарға, оның ішінде бидайды 11,4 млн гектарға себу жоспарлауда. Бұл өткен жылғыдан 544 мың гектарға кем. Бұл ретте жем-шөп дақылдары осынша көлемге артатын болады. Жемдік дәнді-дақылдар 2,5 млн гектарға себіледі. Бұл өткен жылғы көлемнен 49 мың гектарға артық. Майлы  дақылдар 2,6 млн гектарды құрайды. Картоп алқабы да өсу динамикасын көрсетіп, 210 мың гектар болмақ. Бұл өткен  жылғы көрсеткіштен 15 пайызға көп», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда көктемгі егістік жұмыстары барлық  жерде толық қарқынмен жүргізіліп жатыр. 22 мамырға дейінгі деректерге сәйкес, жаздық дәнді-дақылдар жоспарланған алқаптың 36 пайызына, майлы-дақылдар 56 пайызына, көкөніс және бақша дақылдары 80 пайызына, картоп 56 пайызына себілді. Қант  қызылшасы мен мақтаны себу жұмыстары толық аяқталды.

«Ауа райының салқын болуына және топырақтың кеш қызуына байланысты себу жұмыстарының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда біршама төмен болуда. Осыған байланысты себу жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау үшін техниканы жоғары өнімділікпен пайдалануды қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет», - деді ол.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы егістік жұмыстарына 2,5 млн тонна тұқым дайындалды және аграрийлер 446  мың тонна тыңайтқышқа, оның ішінде көктемгі дала жұмыстары кезеңіне 270 мың тоннаға өтінім берді. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 17 млрд теңге көзделген. Ағымдағы жылы  16 мамырда 93 мың тонна тыңайтқыш немесе өтінім берілген  көлемнің 21 пайызы аграрийлерге жеткізілді.

«Ағымдағы  жылы субсидияны  алуға өтінім беру және оларға төлем жасау электронды түрде жүзеге асырылады. Яғни, субсидиялау процесі толықтай автоматтандырылған. 16 мамырға субсидия алуға 7,4 млрд теңгеге 11,5 мың өтінім берілді. Сонымен бірге, бөлінген қаражат өтінім берілген тыңайтқыш  көлемін қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Осыған  орай, облыс әкімдіктеріне тыңайтқыштарды субсидиялуға арналған бюджеттік қаражат көлемін ұлғайтуды ұсынамыз», - деді Арман Евниев.

Вице-министрдің дерегінше, республикада 142 600 трактор, 7700 себу кешені, 82,5 мың тұқым сепкіш, 297 мың топырақ өңдеу құралы бар.

Соңғы жаңалықтар