Көктемгі егіске қажетті 380 мың тонна дизельдің 80 пайызы жөнелтілді - Қанат Бозымбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Энергетика министрі Қанат Бозымбаев көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне дизель отынын жеткізу ісі қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, дизель отынын жеткізу үшін облыстардың мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін жасады. Осы кесте шеңберінде ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қажетті 380 мың тонна жанар-жағармай бекітілген. Осы жылдың 23 мамырындағы жағдай бойынша, бұл жоспар 81 пайыз орындалды. Жоспарланған 380 мың тоннаның 305,8 мың тоннасы тиеп, жөнелтілді. Тарқата айтқанда, наурызда - 108 мың тонна, сәуірде - 135,5 мың тонна, мамырда - 62,4 мың тонна отын тиеліп, жөнелтілді», - деді министр Үкімет басшысының қатысуымен өткен АШМ-дағы отырыста.

Оның айтуынша, маусымда кесте бойынша 25,5 мың тонна тиеп жөнелту жоспарланып отыр.

«Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту - бірінші кезектегі мәселе екенін атап өту қажет. Тиеп-жөнелту тәулік сайын бақыланады. 2019 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының ұсынылатын бағасы - 1 тонна үшін 193 мың теңгені құрады. Ол литрге шаққанда - 160 теңге. Жеткізу мен сақтауды есепке алғанда, болжам бойынша бағасы 1 литр үшін шамамен 174 теңге болуы тиіс. Бұл - жанар-жағармай стансаларындағы бағадан 18 теңгеге арзан», - дейді Қанат Бозымбаев.
null

Еске сала кетсек, аталған отырыста Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет басшысы Асқар Маминге көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысын баяндаған болатын.

Соңғы жаңалықтар