Көктемгі егіс науқанын тұқыммен қамтамасыз ету деңгейі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміз аумағында көктемгі егіс науқанына тұқым дайындау шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұқым дайындау мәселесі мен олардың сапалық көрсеткіштері аса маңызды. Облыс әкімдіктерінің жедел ақпаратына сүйенсек, биылғы 16 наурызындағы жағдай бойынша 2,5 млн тонна тұқым құйылды, бұл жоспардың 100,4 пайызын құрайды. Оның ішінде 1,9 млн тонна (жоспардың 101%-ы) дәнді дақылдар тұқымы, 89,4 мың тонна (жоспардың 99%-ы) майлы дақылдар тұқымы, 15,4 мың тонна (жоспардың 96%-ы) азықтық дақылдар тұқымы, 426,4 мың тонна (жоспардың 99%-ы) картоп тұқымы», - деді С. Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, дәнді дақылдар тұқымы бойынша Ақтөбе облысында (99,7%), майлы дақылдар тұқымы бойынша Шығыс Қазақстан облысында (85%), Қызылорда облысында (87%) және Павлодар облысында (89%) тұқым толық көлемде құйылмаған. Азықтық дақылдар тұқымдары бойынша тұқым құю пайызы Шығыс Қазақстан облысында төмен, онда жоспарланған көлемнің 64,3 пайызы ғана, ал Ақтөбе облысында 96 пайызы, Батыс Қазақстан облысында 86 пайызы дайындалған. Картоп тұқымы бойынша Қызылорда облысынан басқа өңірлерде тұқым толық көлемде құйылған.

«Егіс науқаны басталғанға дейін аталған облыстарда тұқымдардың жетіспейтін көлемін облыс ішінде, республиканың басқа облыстарынан тұқым сатып алу және импорт есебінен толықтыру жоспарлануда»,- деді Ауыл шаруашылығы министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн гектар алаңға егіледі.



Соңғы жаңалықтар