Көктемде «Ақтөбе-Астрахань» тасжолын жөндеу жұмысы басталады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Көктемде «Ақтөбе-Астрахань» тасжолын жөндеу жұмысы басталады. Қазіргі уақытта мердігер мекемелерді анықтау жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық пен Батысты жалғайтын «Ақтөбе-Астрахань» тасжолын күрделі жөндеу жұмысы басталады. Ақтөбе-Қопа, Ақтөбе-Мақат секілді екі учаскеге бөлінген жолды қайта жарақтандыруға алғашында 40-тан астам мердігер компания ниет білдірген. Олар іріктеліп, 37-сі қалды. Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиевтің айтуынша, экономикалық маңызы бар жол алдағы 2-3 жылда қайта қалпына келтірілуі тиіс. Жол халықаралық банктердің қатысуымен жөнделеді. Бірер апта ішінде құжат рәсімдеу жұмыстары аяқталып, наурыз айының аяғына таман жөндеу жұмыстары басталуы мүмкін.

«Ақтөбе-Орск бағытындағы жолды да күрделі жөндеуге 3 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бұл бағыттағы жолды қалыпқа келтіру жұмысы басталып кетті. Жол салу кезінде көпірлер қалпына келтіріліп, кей жерлерге жаңасы салынады. Биыл бұл жұмыстарға 950 миллион теңге бөлінді»,- деді А.Османғалиев.

Айта кетейік, биыл Ақтөбе облысындағы жолдарды жөндеуге 7,9 миллиард теңге жұмсалады. Өткен жылы жөнделіп, биыл ой-шұңқырлар пайда болғандары мердігер мекемелердің қаржысына қалпына келтіріледі. Жол төсеушілер 3-5 жылға кепілдік берген. 

Соңғы жаңалықтар