Көктем мезгілінде кене энцефалитінен қалай сақтану қажет

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Көктемнің басталуымен қауіпті ауру - кене энцефалитінің тасымалдаушылары иксодты кенелердің белсенділігі артады. Осыған орай, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кене энцефалитімен күрес жолдарын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кене энцефалиті - орталық жүйке жүйесінің басым зақымдануымен сипатталатын қауіпті ауру. Аурудың салдары мүгедектікке, өлімге әкелуі немесе адам денсаулығы толығымен сауығып та кетуі мүмкін.

Инфекция негізінен кене энцефалит вирусын тасымалдаушы иксодты кенелердің тістеуі нәтижесінде пайда болады. Бұдан басқа, вируспен зақымданған кенелер шабуыл жасаған жануарлардың шикі сүтін ішу арқылы, сонымен қатар, кенелерді қолмен мыжығанда ауруды жұқтырып алу мүмкін.

«Кене энцефалитiне қарсы неғұрлым тиiмдi әдiс: 1 айдан 7 айға дейiнгi аралықта екi егуден тұратын кене энцефалитiне қарсы вакцинациялау болып табылады. Бiрiншi және екiншi вакцинациялау күзден көктемге дейiнгі аралықта жасалғаны дұрыс. Ревакцинация бір жылдан соң жүргізіледі. Кейінгі ревакцинациялау 3 жылда бір рет жүргізіледі»,- деп мәлімдеді департаментте.

Кене энцефалитіне қарсы егуді аудандық емханаларда тегін алуға болады. Күзгі-қысқы кезеңде егуді уақытында алмағандар үшін егулер арасындағы аралық 2 аптаға дейін қысқартылған шұғыл схемадағы екпені қолдануға болады. Табиғи ошаққа екiншi вакцинациялаудан кейін екi апта өткен соң ғана баруға рұқсат етiледi.

«Кененің табиғи ошағы болып саналатын аймақтарға барғанда кенелерді үркітетін заттарды - репелленттерді қолданып, кененің бар-жоғын анықтау үшін екі сағат сайын киімді, денені және басқа заттарды тексеріп отыру қажет. Денені толығымен жауып тұратын киімдер кию керек (жабысып тұрған кенені байқау үшін ашық түсті киімдер):

шалбардың балағы етікке, резеңкесі бар шұлыққа, жоғарғы сыртқы киім шалбарға салынуы керек;

киімнің жеңінде манжет болуы қажет;

кененің денеге еніп кетпеуі үшін, киімнің жағасы мен шалбардың ілгегі болуы керек;

басына күртешеге, көйлекке тігілген капюшон немесе шашты жинап қалпақ, орамал кию керек.

Денеде шаққан кенені байқаған жағдайда, барынша ертерек (кене шаққаннан кейін 4 күннен кешікпей) медициналық мекемелерге (травматологиялық орталықтарға) жүгіну қажет, онда олар білікті медициналық көмек көрсетіп, шұғыл серопрофилактика жасау қажеттілігі туралы шешім қабылдайды (кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді енгізу).

Кене энцефалитінің шұғыл серопрофилактикасы Алматы қаласында келесі медициналық ұйымдардың (травматологиялық орталықтардың) базасында жүргізіледі:

1) Орталық қалалық клиникалық аурухана (Жандосов көшесі, 6, тел. 274-84-43) – Бостандық және Медеу аудандарының ересек тұрғындарына көмек көрсетеді;

2) Жедел жәрдем көрсететін аурухана - (Қазыбек би көшесі, 96, тел. 292-31-01) – Алмалы ауданының ересек тұрғындары үшін;

3) №4 қалалық клиналық аурухана (Папанин көшесі, 220, тел. 300-37-01) – Жетісу және Түрксиб аудандарының ересек тұрғындары үшін;

4) №7 қалалық клкиналық аурухана (Қалқаман ықшам ауданы, 20, тел. 270-86-14) – Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандарының ересек тұрғындары үшін;

5) Медициналық жедел жәрдем көрсететін балалар орталығы (Манас көшесі, 40, тел. 274-83-19) – қаланың барлық аудандарының 14 жасқа дейінгі балалары үшін.

Кене энцефалиті вирусымен зақымданған кенені зерттеу, кене шағудан зардап шеккендердің қанын серологиялық зерттеу ЖШС РМК Алматы қаласы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының жұқпалы аурулар зертханасында (Жібек Жолы көшесі, 3, тел. 382-33-90) жүргізіледі»,- деп мәлім етті Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.


Соңғы жаңалықтар