«Көктайғаққа қарсы қоспадан аяқ киім бүлінуде»: Өскемен коммуналдық мекемесінің жауабы

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғындары көшеге көктайғаққа қарсы шашылатын қоспадан аяқ киім мен көлік дөңгелегі бүлініп жатқанына шағымдануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде қала тұрғындарының шағымы тарап жатыр. Онда коммуналдық қызметтердің қала көшелеріне шашатын реагенттерінен аяқ киім мен көлік дөңгелегі бүлініп жатқандығы жазылған. Жұртшылық көктайғаққа қарсы қоспа ішінде химиялық заттар қолданылады деп күдіктенуде.

Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі Өскемен қаласы әкімдігінің «Таза Өскемен» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Асхат Тәженовке хабарласты.

«Көктайғақ болған кезде көшелерге құм шашамыз. Ешқандай химиялық реагент қолданбайбыз. Желіде жалған ақпарат тарап жатыр. Реагенттерді шашу – қомақты қаражатты талап етеді. Бір тонна реагенттің өзі 1,5 млн теңге тұрады. Ал қаланы түгел қамту үшін шамамен мыңға жуық тонна кетеді. Бізде мұндай ауқымды қаражат қарастырылмаған», - дейді ол.

Асхат Тәженовтің айтуынша, биылғы қыста қалада қар мол түсуде. Қаңтар айының басында Өскеменде кенет күн жылынып, сынап бағанасы +8 градусты көрсеткен. Сол кезде көшелерде құм мен еріген қар араласып кетті.


Соңғы жаңалықтар