Көкшетаулықтар жолақыны картамен төлейтін болады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау автобустарында сараланған тариф енгізілгеннен кейін жол жүру ақысын көтеру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолаушылар тасымалы» қауымдастығының төрағасы Рүстем Қалышевтың айтуынша, жолақы картасы енгізілгеннен кейін төлемдер жаңа және бұрынғы әдіспен қабылдана береді.

«Қазір жаңаша төлем жасауды енгізу мерзімі әлі белгіленген жоқ. Бірақ жыл соңына дейін жолаушылар тасымалымен айналысатын қалалық маршруттағы автобустар осы жаңа жүйеге көшетін болады», - дейді Рүстем Қалышев.

Қазіргі кезде Көшетауда қоғамдық көлікте жүру ақысы ересектер үшін - 80 теңге, балалар үшін - 40 теңге. Жаңа жүйе енгізілген кезде, төлем картасын пайдаланатын тұрғындарға жолақы бағасы осы көлемде қала береді. Ал, қолма-қол ақшамен төлейтіндер үшін ересектерге – 150, балаларға - 70 теңге болады.

Сонымен қатар, қауымдастық төрағасы кейбір санаттардағы жолаушыларға жеңілдіктер болатынын айтуда.

«13 санаттағы жолаушылар үшін жеңілдіктер қарастырылады. Бұл санаттарды жергілікті атқарушы билік өз қамқорлығына алады. Яғни, олар бюджет есебінен жүреді. Оларға дербестендірілген көліктік карта берілетін болады», - деп түйіндеді Рүстем Қалышев.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, жақында Көкшетауда су жаңа 31 автобус пайдалануға берілген болатын. «YUTONG» маркалы автобустар «Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» компаниясынан сатып алынған.

«Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсия Шәрімованың айтуынша, бұл жоба қалалық әкімдіктің «Көкшетау қаласында жолаушылар көлігін жаңғырту» жобасы шеңберінде қолға алынып отыр.

Жалпы, аталмыш автобус паркі тарапынан жаңа үлгідегі 44 автобус сатып алынған. Бүгін оның 31-і қолданысқа берілсе, алдағы күндері қалған 13-і жеткізілмек. Бұл жоба бойынша қолданыстағы тозығы жеткен автобустарды ауыстыру қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар