Көкшетаулықтар жәдігер заттарды музейге сыйлай алады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Көкшетау қаласының тарих музейі облыс орталығының тұрғындарына «Музейге жәдігер сыйла» атты көрмеге қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ескі магнитофондар, кірпіш телефондар, дискета, кассета, тетристер, тіпті қағаз тиындар... Мұның бәрі 90-2000 жылдардың басында өміріміздің бір бөлігі болды. Міне, енді көкшетаулықтар осындай заттардың «шаңын сілкіп», оларды Көкшетау қаласының тарих музейіне тапсыра алады. Ұмытылған және қажетсіз заттар енді жеке отбасының ғана емес, бүкіл облыс орталығы тарихының бір бөлігіне айналады.

«Біз ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына бірқатар іс-шара дайындадық. Бұлардың алды қаңтар айында жарияланған «Музейге жәдігер сыйла» акциясы болды. БАҚ арқылы біз қала тұрғындарына осы тарихи кезеңмен байланысты барлық нәрсені музейге тапсыруға болатынын жарияладық. Бұл кезең – 90-шы және 2000 жылдар аралығы.

Ол уақыттарда әр адамның өмірінде жаңа заттар пайда болды, біз солар арқылы Тәуелсіздік тарихын айтқымыз келді. Бұл – бейнемагнитофон, теледидар, ұялы байланыс... Музей бұл заттарды болашақ ұрпаққа сақтап, қалада жаңа заман тарихының қалай басталғанын көрсетеді», – деді Көкшетау қаласы Тарих музейінің директоры Ботагөз Ғабдуллина.

Бүгінгі таңда көрме экспонаттармен толыға бастады. Олардың арасында қызықтылары да бар. Мысалы, жедел фотосурет жасайтын Polaroid камерасы, ұялы телефондардың алғашқы үлгілері, «сабын» камералар, бейнемагнитофон. Облыс орталығындағы жеке газеттердің алғашқы нөмірлері де сол кезде пайда болған.

«Көкшетау тұрғындарынан акцияға қосылуды және 90-шы және 2000 жылдары өміріңізде пайда болған және әлі күнге дейін сақталған заттарды музейге тапсыруларын сұраймыз. Егер отбасылық альбомдарыңызда сол кездегі қала көріністері бар суреттер болса, олармен де бөлісуді сұраймыз», – деді Көкшетау қаласы Тарих мұражайы қорлары бөлімінің ғылыми қызметкері Ольга Сартова.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, олардың көрмесінде тетрис, ойын консольдері, тамагочи және сол кездегі киімдер жетіспейді. Егер осының бәрі мұражайға түссе, бірден бірнеше экспозиция жасап, тіпті кезекті «Музейдегі түнді» осы тарихи кезеңге арнауға болады. «90-шы және 2000 жылдары болған оқиғаларды ұмытпауымыз керек, Қазақстанның қандай кезеңдерден өткенін, өмірімізде қандай дүниелер болғанын көрсетуіміз керек. Олар көптеген қызықты нәрселерді айта алады», – деп толықтырды өз сөзін Б. Ғабдуллина.


Соңғы жаңалықтар