Көкшетаулықтар «Құлагер-2014» спартакиадасының жеңімпазы атанды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Астрахан селосында шілденің 2-5 аралығында өткен Астана күні мен атақты балуан әрі сазгер Балуан Шолақтың 150 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлері бойынша 14-ші «Құлагер-2014» облыстық спартакиадасы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.

Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Жыл сайын облыстың әр өңірінде ұйымдастыру дәстүрге айналған спартакиада бұл жолы көкпар, аударыспақ, бәйге, қыз қуу, теңге алу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жамбы ату тәрізді ұлттық спорт ойындарының 14 түрі бойынша өтіп, оған аймақтағы 17 аудан мен 2 қаладан келген 700-ден астам спортшы қатысты.

Үш күнге созылған бәсекеде тоғызқұмалақ, қазақ күресі және армрестлингтен ең жоғары ұпай жинаған көкшетаулық құрама команда бірінші орын иеленсе, Ақкөлден келген спортшылар екінші орынды еншіледі. Ал, жүлделі үшінші орынды атбасарлықтар місе тұтты.

Жарыс қорытындысында жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар