Көкшетаулықтар әскери қақтығыста шейіт болғандарды еске алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда Қазақстан әскерінің тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 19 жыл толуына орай, 1993-2001 жылдары тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген ақмолалық жауынгерлердің қатысуымен соғыста шейіт болғандарды еске алу акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйытқы болған шараға Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, 1993-2001 жылдары тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген ақмолалық жауынгерлер, белсенді жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шара «Мәңгілік алауға» гүл шоғын қою рәсімінен басталды.

Акцияға жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нариман Әбдірахманов, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Көкшетау қалалық «Тәжік-ауған шекарасында әскери қақтығыстарға қатысушылар» ардагерлер одағының төрағасы Қайдар Бәкіров шараның маңыздылығына тоқтала келе, алда келе жатқан Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.

«Жауынгерлер ТМД шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын учаскенің тыныштығын күзетті. Олардың басты мақсаты - жалпы саяси жағдайдың тұрақтануына дейін, тәжік-ауған шекарасындағы ахуалды ретке келтіру. Сонымен қатар гуманитарлық көмек тауарларының жеткізілімін қамтамасыз ету және қорғау, босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау болды», - деді Көкшетау қалалық «Тәжік-ауған шекарасында әскери қақтығыстарға қатысушылар» ардагерлер одағының төрағасы Қайдар Бәкіров.

Сонымен қатар, ол Көкшетауда тәжік-ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіш орнатылатынын атап өтті.

Айта кетейік, 1993 жылы ТМД мемлекет басшылары Тәжікстан елінің Ауғанстанмен шектесетін қорғаусыз қалған шекарасына әскер жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Елбасының ұсынысымен ҚР Қорғаныс министрлігінің 500 сарбазы, сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметінің және ІІМ-нің қызметкерлері ТМД-нің сыртқы шекарасының күзетін күшейтуге аттандырылады.


Сол миссияда мемлекеттік мүддені алға қойып, шекара тыныштығын күзеткен ТМД әскері 356 жауынгерінен айырылды. Соның ішінде 54-і қазақстандық әскери қызметшілер. Қазақ жауынгерлері 8 жылдан кейін 2001 жылы 8 ақпан күні елге оралды.

Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында орын алды. Онда содырлармен болған атыста 17 қазақ жігіті көз жұмған болатын. Қазіргі кезде олардың ерлігі еленіп, елдің әрбір өңірінде ескерткіштер, мектептер мен аллеялар бой көтеруде.


Соңғы жаңалықтар