Көкшетаулық зауыт өз базасында медициналық маска шығаруға дайын

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы «Тыныс» зауытында медициналық маска шығару мәселесі қарастырылуда. Шикізат болса, зауыт басшылығы маска өндірісіне кірісуге дайын. Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу шаралары туралы баяндады. Атап өтілгендей, медициналық маскалардың тапшылығы Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де бар. Зауыттар сұранысты қанағаттандырып үлгере алмауда. Бұл мәселе Үкіметтің назарында. Қазіргі кезде елімізде маскаларды қосымша шығаратын төрт зауыт жұмыс істеуде. Маска өндірісін Ақмола облысында да қолға алу жоспарланған.

«Бүгінгі таңда облыстағы ауруханаларда 144 мың дана маска қоры бар, қоймада қосымша 58 мың маска сақталған. Қазіргі кезде облыс орталығындағы «Тыныс» АҚ базасында медициналық маска шығару мәселесі қарастырылуда. Шикізат болса, зауыт басшылығы маска өндірісіне кірісуге дайын. Бұрындары медицина мақта-дәке маскасын пайдаланды. Бетперде жетіспейтін кейбір ауруханалар осындай масканы қолдануда. Облыс тұрғындары осындай қорғаныс маскасын қорықпай қолдана берулеріне болады», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, ол аталмыш дертке шалдыққандарды қабылдайтын госпитальдер дайын екенін айтып өтті. Оның бірі Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері болса, екіншісі облыстық тері аурулары диспансері. Бұдан бөлек, аудандарда 70 орындық бокстендірілген орын ашылып отыр.

Ал Көкшетау қаласында шетелден келгендерді карантинге орналастыратын медициналық колледж базасында 320 адамға арналған жатақхана бар. Ауруханаларда науқастардың жазылып шығуына барлық жағдай қарастырылып отыр.


Соңғы жаңалықтар